Зейнет жасы – жаңа мүмкіндіктер кезеңі: Амангелдіде «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы басталды

Зейнет жасы – жаңа мүмкіндіктер кезеңі: Амангелдіде «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы басталды

Аға буынның белсенділігін арттырып, өмірлік тәжірибесін ұрпақ игілігіне бағыттауды көздейтін игі бастама Амангелді ауданында жүзеге аса бастады.

Амангелді ауданында зейнет жасындағы азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатын «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы өз жұмысын бастады. Басты мақсат – аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, рухани дамуына қолдау көрсету және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру.

Игі бастама Амангелді ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің үйлестіруімен жүзеге асырылуда.

Жоба аясында танымдық кездесулер, мәдени-рухани іс-шаралар мен тағылымды басқосулар ұйымдастырылып, ардагерлердің бай тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге ерекше мән беріледі. Бұл – үлкенге құрмет көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Амангелді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Есім Дауылбаев бұл бастаманың маңызы зор екенін атап өтті.

– «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы – ауданымыздағы аға буын өкілдері үшін өте маңызды әрі құптарлық бастама. Зейнетке шығу – қоғамдық өмірден қол үзу деген сөз емес. Керісінше, бұл – өмірлік тәжірибеңді бөлісіп, өзіңді жаңа қырынан танытатын кезең. Осындай жобалар арқылы ардагерлеріміздің басын қосып, олардың денсаулығына, рухани дамуына және қоғамдағы белсенділігіне көңіл бөлінуі бізді қуантады. Әсіресе, аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарымыз бен өнегелі дәстүрлерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды. Біздің ардагерлеріміздің бойында мол тәжірибе, ақыл-парасат пен өнеге бар. Сол байлықты ел игілігіне жаратуға мүмкіндік беретін бұл жобаның берері мол деп сенемін. Игі бастама баянды болып, ауданымыздағы қариялардың өміріне қуаныш пен жаңа серпін әкелсін»,-дейді Амангелді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Есім Дауылбаев, – дейді Есім Дауылбаев.

Расында, жас – белсенді өмір сүруге кедергі емес. Әрбір адамның қоғамға берері, бөлісер тәжірибесі мен кейінгі ұрпаққа айтар өнегесі бар. Сондықтан аға буынның әлеуетін арттырып, олардың өмірге деген құлшынысын қолдау – қоғам үшін маңызды міндет.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы алдағы уақытта да аудан ардагерлерінің басын қосып, мазмұнды кездесулер мен игі істерге жол ашады деген сенім бар. Өйткені белсенділік пен ізденіске толы ғұмырдың жас шектеуі жоқ.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Амангелді ауданы