Қазақстанда он мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды

Қазақстанда он мыңнан астам мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылды

Жыл басынан бері Қазақстанда мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шаралары арқылы он мың сегіз жүз мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасты. Олардың бес мың бір жүзі тұрақты жұмыс тапса, бес мың төрт жүзі мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан.

Биылғы жылдың бірінші қазанына дейін жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына жиырма тоғыз мың бес жүз мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың он сегіз мың екі жүзі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.

Мемлекеттік қолдау аясында төрт мың екі жүз алпыс төрт адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Үш жүз алпыс жеті азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, төрт жүз тоқсан бес адам «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысқан. Ал төрт жүз тоқсан тоғыз азамат «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың негізгі тетіктерінің бірі – жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, елу және одан да көп қызметкері бар ұйымдарда жұмыскерлердің жалпы санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде квота қарастырылады. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.

Биыл мүгедектігі бар он алты мың жеті жүз алты адамды жұмыспен қамтуға арналған квота белгіленді. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен алты мың екі жүз адам жұмысқа орналасқан.

Ал өткен жылы белгіленген он алты мың жеті жүз он тоғыз жұмыс орнының сегіз мың бір жүзі қамтылып, квотаны орындау көрсеткіші қырық сегіз пайызды құраған.

Мемлекет жүзеге асырып жатқан бұл шаралар мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығына араласуына, тұрақты табыс табуына және кәсіби әлеуетін іске асыруына мүмкіндік береді.