Жаңа қойылым балғын көрермендерге жол тартты

Жаңа қойылым балғын көрермендерге жол тартты

Қостанай қуыршақтар театры қойылымдарын қазақша сөйлетуді бастап кеткен еді. Бүгінде бұл бастамаға Алматы, Семей қалаларынан оқу орындарын тәмамдап келген жастар қолдау білдіріп, алған білімдерін тәжірибеге ұштастырып жатыр. Албырт өнерпаздардың «Мен» атты бұл қойылымы да көрермен қауымды тәнті етті.

Дулат Жұмаш Алматыдағы Жүсіп Елебек атындағы өнер академиясының түлегі. Ол жақтағы театрда бірер жыл қызмет етіп, Қостанайға келді.

«Бұл қойылым бір адамның туылған кезінен ер жеткен уақытына дейінгі ғұмырын сипаттайды. Екі әріптесіммен қуыршаққа жан беріп, өмір сүргізуге тырыстық. Қойылымның сахнада жақсы шығуына атмосфера жасаған жеті бірдей әріптесіміздің алатын орындары ерекше», – дейді Дулат Жұмаш.

blankБұл жерде атап өтерлігі, спектакльді қойып шығуға Грузия елінен арнайы режиссер шақыртылды.

«Театрдан қазақ трупасын ашу көптен қолға алынған дүние еді. Содан Алматы, Семей қалаларындағы оқу орын түлектері бар, өзіміздің жастар бар жұмысты бастап кеттік. Бұрын қойылған спектакльдерді қазақ тіліне аударып жатырмыз. Бір күні сырттан маман алдыруды ұйғардық. Грузиялық маман ұсынысқа бірден келісті. Ол ол ма, сахнаға алып шығатын ойыншықтарына дейін әкелді. Өзі бастан аяқ басшылық жасап, қоғамның өзекті тақырыбын алып шықты», – дейді Қостанай қуыршақтар театрының директоры Төлен Әлғожин.

blankҚойылымның сахнадағы айтар ойы буллингке қарсы үн қату екені бірден аңғарылады.

blank blank blank blankОсы тұжырымды әр актердің бойына сіңіріп, алып кетуіне Никола Сабашвили бір ай уақытын жұмсаған.

«Тақырып өзекті. Оны жеткізу басқа шаруа. Әсіресе, балалар жағы тиімді қабылдап, өміріне үлгі етуі қажет. Көрермендеріміз жасөспірімдер болғандықтан осы қағиданы ұстандық. Әр персонаж балғындарды тарту үшін түстерге баса назар аударуды да жөн деп білдім. Нәтижесі жақсы болып, алғашқы келушілердің көңілінен шықты деп ойлаймын», – дейді Никола Сабашвили.

blankҚостанайлық ұжымды қолдауға Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының ұжымы да келді.

«Қойылымнан ерекше әсер алдық. Шыншылдық бар. Әр адамға деген құрмет отбасынан басталатынын көріп отырмыз. Бала кезден алған соққы болсын, қатты қолдау болсын кісі бойында қалып қоятынын театр әртістері көрсете білді. Қазір көп жерде қуыршақтар театрына жан бітіп, қазақ труппалары ашылып жатыр. Бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы дами береміз», – дейді Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының қоюшы режиссері Жанболат Кәменов.

blankИә, адам баласының күллі тағдыры мен тауқыметін, жетістігі мен айбарын қырық бес минутқа сыйғызу мүмкін емес.

blank Бірінші көрермендерінің өнерге деген ықыласын оятқан еңбек айналадағы жақсылыққа ұмтылып, жаманнан жиренуге бастау болғаны аян.

blankКелешекте осыны көріп өскен жастар бойларындағы «МЕН»-дерінен боулинг сынды оқшау дүниелерді ысырып тастап жатса, кәнекей!

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суретке Жансая Сәбитбек түсірді