Қостанай өңірінің мәдени өміріндегі қуанышты жаңалықтың бірі – әріптесіміз, ақын Жандос Жүсіпбектің тұңғыш жыр жинағының жарық көруі. «Жансезім» деп аталған кітаптың тұсаукесері ақынның шығармашылығына тілеулес жандарды бір арнаға тоғыстырды.
Ақынның алғашқы кітабының атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Жандос Жүсіпбек жинақтың атын тұңғыш қызының есімімен байланыстырып, әке жүрегіндегі ыстық сезімді жыр әлемімен сабақтастырған.


Жыр жинағының тұсаукесерінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов ақынды құттықтап, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.

«Ақынның алғашқы кітабының оқырманға жол тартуы – тек автордың жеке қуанышы емес, өңір әдебиетінің тыныс-тіршілігіне қосылған өзіндік үлес. Атап өтейтінім, бұл кітап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 3000 мың данамен жарық көріп отыр. Еліміздің барлық кітапханаларына таратылады», – деді басқарма басшысы.
«Жансезім» атауының тарихы да назар аударарлық. Жандосқа бұл жөнінде өңірге танымал, қаламы жүйрік ақын Нұрқанат Құлабаев ақыл қосқан екен. Ағалық әзіл мен ақындық көрегендік ұштасқан кеңесінде ол Жандосқа тұңғыш қызының есімін кітаптың атауына арқау етуді ұсынған.
«Қазір сенің екі қызың бар. Тұңғыш қызыңның атын қой. Бұл келесі қызыңа арнап екінші кітабыңды шығаруға ынталандыратын болады», – деген екен Нұрқанат ағасы.
Әзілге оралған осы сөздің астарында үлкен мән бар. Бір жағынан, әке мен бала арасындағы ыстық сезімді әйгілесе, екінші жағынан, ақынның шығармашылық сапарын жалғастыруға жігер беретін ізгі тілек жатыр. Ендеше, «Жансезім» – жай ғана кітап атауы емес, ақынның отбасына деген махаббаты мен әдебиетке деген ықыласын тоғыстырған символдық атау.

Жандос Жүсіпбек Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде білім алған. Оның ақындық жолына әсер еткен жандардың бірі – сол оқу орнында тәлім берген ұстазы, ақын Ақылбек Шаяхмет.
Тұсаукесерде ұстаз шәкіртіне ақ батасын беріп, өзінің де әдебиеттегі алғашқы қадамдарын еске алды.

«Әлі есімде алғашқы өлеңдерім альманахқа енген кезде небәрі сегіз туындым жарияланған. Ал тұңғыш кітабым шыққанда 850 сом қаламақы алғаным әлі күнге дейін есімде. Сол ақшаға тоңазытқыш, теледидар және кір жуатын машина сатып алдық, қуанышын бөлісу үшін достарыма дастарқан жайдым», – деді ақын.
Бұл естеліктің өз дәуіріне тән жылуы бар. Бір кездері ақынның алғашқы кітабының жарық көруі шығармашылық жетістік қана емес, тұрмыстық жағынан да елеулі қуаныш болған. Еңбегінің бағаланып, қаламақы алғанын сезіну жас авторға шабыт сыйлағаны анық.
Сонымен бірге Ақылбек Шаяхмет қазіргі ақындардың қаламақы мәселесіне де тоқталды.
«Бүгінде әдебиетке еңбек сіңіріп жүрген қаламгерлердің еңбегі әрдайым лайықты бағалана бермейтіні – ойланатын мәселе. Өлең жазу сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында үздіксіз ізденіс, ішкі толғаныс, уақыт пен жүрек еңбегі жатыр», – деді ол.
Ұстаздың өз өмірінен өрілген әңгімесі жас ақынға берілген батамен ғана шектелмейді. Ол әдебиет жолына түскен әрбір қаламгер үшін табандылық пен төзімнің қажет екенін де аңғартады.
Тұңғыш жинаққа енбей қалған өлеңдері де аз емес. Соған қарағанда, «Жансезім» – Жандостың шығармашылық әлемінің толық көрінісі емес, оқырманға жол тартқан алғашқы парақтары ғана. Алғашқы кітабын шығаруға бұрын асықпауының да өзіндік себебі бар. Бір жағынан, ақынның табиғи ұяңдығы әсер етсе, екінші жағынан, өз шығармашылығына сын көзбен қарайтын талғампаздығы қолбайлау болған секілді.
Жандос өлеңді көбіне жан дүниесі толқыған, көңіліне салмақ түскен сәттерде жазатынын айтады. Оның жырларында мұңның басым болуы да содан. Күнделікті тіршіліктің сыртқы көрінісінен гөрі, адамның ішкі әлеміне үңілуге бейім ақын көңілдегі шерді өлеңге айналдырады.
Бәлкім, осы қасиеті оның жырларын өзгеше ететін шығар. Өйткені жүректегі ауырлықтан туған сөз оқырманның да жан дүниесіне жол табады. Мұндай өлеңдерде қолдан жасалған әсерден гөрі, бастан өткерген сезімнің шынайылығы басым.
Жандостың шығармашылығына назар аударған журналист Нәзира Жәрімбетова да ақын жырларындағы осы ерекшелікке тоқталды.
Оның айтуынша, журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі дәріс берген. Сонда Қадыр ақын адамға ақын болуы үшін мұң керек екенін айтқан екен. Нәзира Жәрімбетова Жандостың өлеңдерін оқығанда осы ойдың мәнін байқағанын жеткізді.

«Ақын жырларының оқырман жадында сақталатын тұстары бар. Көп өлеңді оқығанда әсер алып, сүйсінгеніңмен, арада уақыт өткенде мазмұны көмескіленіп кетуі мүмкін. Ал кейбір өлеңнің бір эпизоды, бір жолы немесе тұтас бір ойы санада ұзақ сақталады. Жандос жырларының осындай есте қалатын ерекшелігі бар», – деді ардагер тілші.
Бұл – ақын үшін маңызды бағалардың бірі. Өлеңнің құндылығы оның қаншалықты әдемі жазылғанымен ғана емес, оқырманның жан дүниесінде қандай із қалдырғанымен де өлшенеді.
Жазушы Әутәліп Әмір де Жандостың шығармашылығына қатысты өз пікірін білдірді. Ол ақын өлеңдерінің ықшамдығына, ойды артық сөзбен көмкермей, дәл жеткізуіне назар аударды.

«Жандостың жырларында орынсыз сөз жоқ. Әрбір ой өз орнымен айтылып, өлеңнің ішкі мазмұнына қызмет етеді. Сонымен қатар кейбір өлеңдерді оқып шыққаннан кейін оқырманды ойландыратын сауалдар туындайды. «Неге бұлай айтылды? Мұның астарында қандай мағына жатыр?» деген сұрақтар шығарманың әсерін күшейте түседі. Бұл тұста ақын поэзиясының тағы бір қырын аша түсетінін айтқым келіп отыр. Өлең оқырманға дайын жауап ұсынумен ғана шектелмей, оны ойландыруы да керек. Кейде бір ауыз сөздің астарында тұтас бір тағдыр, бір адамның жан арпалысы немесе өмір туралы терең толғаныс жатады», – деді ол.
Міне, Жандос жырларының мұңға жақындығы мен ойды ықшам жеткізуі өзара сабақтасып жатқандай. Ақын артық сөзге бармай, көңіл күйін аз сөзбен аңғартуға ұмтылады. Ал сол аз сөздің астарын таразылау – оқырманның еншісінде.

Жандостың ақын болып қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің де ықпалы болған. Әкесі Балғынбектің айтуынша, Жандос – үйдің тұңғышы. Ол әжесінің қолында өсіп, балалық шағының едәуір бөлігін әңгіме мен жыр тыңдаумен өткізген.

«Әжесі әдебиетке, жырға жақын адам болды. Немересіне дастан-жырлар мен ертегілерді үнемі оқып беріп, оның қиялына қанат бітірді десем қателесмпеймін. Баланың санасына сіңген сол әңгімелер уақыт өте келе шығармашылыққа деген қызығушылығын оятуы әбден мүмкін», – деді әкесі Балғынбек.
Ақындық кейде аяқ астынан пайда болатын қабілет сияқты көрінеді. Алайда оның арғы жағында бала күннен қалыптасқан әсерлер, естілген әңгімелер, жүрекке ұялаған сөздер жатады. Әженің аузынан естіген ертегі мен жырдың Жандостың жан дүниесінде із қалдыруы заңды.

«Аяқталмаған ертегі» атты өлеңі де әжесіне арналған. Өлең атауының өзінен-ақ сағыныштың лебі сезіледі. Ертегі аяқталмағанымен, оны айтқан адамның үні мен бейнесі ұрпақ жадында жалғаса береді. Әдебиетке жақын әженің немересіне қалдырған рухани мұрасы да осындай болса керек.
Жандостың өлеңдеріндегі мұңның қайдан бастау алатынын нақты бір себеппен түсіндіру қиын. Дегенмен балалық шақтағы естеліктер, отбасы тәрбиесі, өмірлік тәжірибе мен ішкі толғаныстар ақынның шығармашылық болмысына әсер етпей қоймайды.
«Жансезімнің» жарық көруі Жандос Жүсіпбектің әдебиеттегі жолындағы маңызды белес екені анық. Жинаққа енбей қалған өлеңдерінің болуы да ақынның шығармашылық ізденісі тоқтамағанын аңғартады. Ендігі міндет – сол туындыларды жетілдіріп, оқырманмен қайта қауыштыру. Ал әзірге Жандос Жүсіпбектің тұңғыш кітабы оқырман қолына тиді.
Осылайша, өтіп бара жатқан жыл Жандос үшін ең нәтижелі жыл болды десе де болады. Өңірдің белгілі ақындары Абылай Мауданов, Батырлан Сағынтаевтармен «Мөлдір өлең» республикалық жыр додасына қатысып келді. Алатаудың баурайында финалға жолдама алып, Ұлытауда «Көрермендер көзайымы» номинациясын ұтып алды.
Мұңнан туған жырларын бөліскен ақынның ендігі мақсаты – сол мұңды мәнге, сезімді сөзге айналдырып, оқырман жадында қалатын өлеңдер жазу. Өйткені шынайы жырдың ғұмыры кітаптың жарық көрген күнімен өлшенбейді. Оның ғұмыры оқырманның жүрегіне жеткен сәттен басталады.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
