Мемлекеттің жаңа келбетін айқындаған заңдар

Мемлекеттің жаңа келбетін айқындаған заңдар

Бүгін қабылданған конституциялық заңдар пакеті елдің мемлекеттік басқару жүйесін жаңа институционалдық модельге көшірудің құқықтық негізін қалыптастырып отыр деуге болады. Егер бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерістер көбіне саяси мәлімдеме деңгейінде қабылданса, ендігі кезеңде сол нормаларды нақты жұмыс істейтін институттарға айналдыру кезеңі басталды.

Ең алдымен назар аударатын мәселе – Вице-Президент институтының енгізілуі. Бұған дейін Қазақстанда мұндай тәжірибе болғанымен, кейін жойылғаны белгілі. Енді оның қайта енгізілуі мемлекеттік басқарудағы сабақтастық механизмдерін күшейтуге бағытталған шешім ретінде қарастырылуы мүмкін. Президент айқындаған міндеттерді орындау мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылда Мемлекет басшысының мүддесін білдіру функциялары биліктің атқарушы вертикалінде қосымша үйлестіру тетігін қалыптастыруы ықтимал.
Екінші маңызды өзгеріс – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасы. Құрылтайдың ең жоғары өкілді әрі заң шығарушы орган ретінде бекітілуі саяси жүйедегі институттардың рөлін түбегейлі қайта қарауға алып келеді. Оның құрамының толықтай партиялық тізіммен жасақталуы партиялық жүйенің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар Құрылтайға берілген кең өкілеттіктер – жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру, бюджеттік есептерді бекіту, сот корпусына қатысты шешімдер қабылдау – оны тек заң шығаратын орган емес, саяси тепе-теңдіктің негізгі институтына айналдырады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да ерекше назар аудартады. Бұл құрылымның консультативтік мәртебесіне қарамастан, заңнамалық бастама көтеру немесе референдум ұсыну құқығы оған айтарлықтай саяси салмақ береді. Мұндай орган азаматтық қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланысты институционалдандыру әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Бірақ оның тиімділігі көбіне өкілдік принципінің қалай іске асатынына және қабылданған ұсыныстардың нақты саясатқа қаншалықты ықпал ететініне байланысты болмақ.
Астананың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңдарды да тек техникалық құжаттар ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені аумақтық басқару мәселелері – мемлекеттің тиімділігіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Әсіресе өңірлік теңгерім, инфрақұрылымдық даму және басқарушылық шешімдердің жылдамдығы тұрғысынан бұл нормалардың маңызы жоғары.
Жалпы алғанда, қабылданған заңдар мемлекеттік басқару жүйесін қайта конфигурациялау процесінің құқықтық іргетасын бекітті. Бірақ кез келген институционалдық реформа сияқты оның нәтижесі қабылданған заңдардың өзінен гөрі, олардың практикада қалай жұмыс істейтінімен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі өзгерістерді саяси реформалардың аяқталуы емес, жаңа кезеңнің басталуы ретінде қарастырған дұрыс.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,
«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы