Қостанай қаласындағы «IQostanay» SMART-орталығында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Адал азамат: елге қызмет, рәмізге құрмет» форумы аясында түрлі тақырыптық алаңдар жұмыс істеді. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілікті нығайтуға және қоғамдық белсенділікті дамытуға бағытталды.
Форум барысында заңгерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғылыми қауымдастық мүшелері жастармен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
«Конституция және азамат» диалог алаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан жастармен жүздесті. Кездесу барысында Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жастардың ел дамуына қосар үлесі туралы сөз қозғалды.
Спикер өз сөзінде жаңартылған Конституцияның ерекшеліктеріне тоқталып, оның қабылдануы уақыт талабынан туындаған маңызды қадам болғанын атап өтті.

– «Заң мен тәртіп» қағидаты – кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Өскелең ұрпақтың бойында заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Бұл ұстанымдардың барлығы Конституцияда айқын көрініс тапқан, – деді Абзал Құспан.
Ал Қазақстанның креативті индустриялар альянсының негізін қалаушы әрі президенті Давид Туғанов мәдениет пен креативті индустриялардың ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі туралы баяндады. Қатысушылар жеке бренд қалыптастыру, заманауи технологияларды пайдалану және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша өз сұрақтарына жауап алды.
– Жастарға өз қабілеттерін таныту үшін міндетті түрде ірі қалаларға көшудің қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Қостанай жастарының әлеуеті жоғары, олардың тың идеялары мен бастамалары көп. Бүгінде жастардың жобаларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдау жеткілікті, – деді Давид Туғанов.
Экологиялық клуб жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетов қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне тоқталып, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясындағы еріктілік қызметтің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өңірде жүйелі түрде жүргізілуде. Соның бірі – Қостанай облысындағы мектептерде пластикалық бөтелке қақпақтарын жинауға арналған арнайы контейнерлер орнату бастамасы.
Форум аясындағы тақырыптық алаңдар жастар үшін ашық пікір алмасу алаңына айналып, олардың құқықтық, мәдени және экологиялық бағыттардағы білімін кеңейтуге мүмкіндік берді.
