Қалдықтан табыс, табиғатқа пайда

Қалдықтан табыс, табиғатқа пайда

Қалдық мәселесі бүгінде әлем елдерін ғана емес, Қазақстан өңірлерін де алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі. Жыл сайын тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың көлемі артып келеді. Егер оларды дұрыс басқару жүйесі болмаса, қоршаған ортаға да, адам денсаулығына да айтарлықтай қауіп төндіреді.

Сондықтан дамыған елдер қоқысты көму тәжірибесінен біртіндеп бас тартып, оны сұрыптау мен қайта өңдеуге басымдық беріп отыр.

Бұл бағытта Рудный қаласы соңғы бірнеше жылда қалдық мәселесін шешудің тиімді жолдарын іздеп қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асыра бастады. Қала шетінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының базасында қоқыс сұрыптау кешені іске қосылған еді. Ал қала іргесіндегі Перцев ауылында орналасқан «Еділ и компания» ЖШС резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу және кәдеге жарату желісі жұмысын сәтті іске асырып отыр. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орай қала мектептерінің оқушылары кәсіпорынның жұмысымен кеңінен танысып қайтты. Осылайша олар қалдықтарды қайта өңдеудің толық циклін өз көздерімен көрді.

«Перцев ауылында орналасқан резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу зауытына жас ұрпақты арнайы экскурсияға шақырдық. Олардың облысымыздағы экологиялық мәселелер туралы хабардар болуына және қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын түсінсін деп арнайы алдырттық. Былтырдан бастап «Еділ и компания» қаржылық лизинг шарты бойынша резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеп, резеңке үгіндісін өндіруге арналған арнайы жабдықтарды алды. Бүгінде бұл жабдықтар өндіріс процесіне толықтай қатысып отыр. Зауыт 2023 жылы сатып алынды. Ол кезде қолданыстағы жабдықтардың қуаттылығы жеткіліксіз болатын. Осыған байланысты қаржылық лизинг бағдарламасы арқылы жаңа жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда бізде ірі габаритті шиналарды кесуге арналған арнайы қондырғы жұмыс істейді. Ол автокөлік шиналарын бірнеше бөлікке кеседі. Кейін бұл бөлшектер резеңке-техникалық бұйым қалдықтарын қайта өңдеуге арналған «ЭкоГолд Стандарт 900» желісіне жіберіледі. Аталған желі арқылы шиналар ұсақталып, әртүрлі фракциядағы резеңке үгіндісіне айналады», – дейді кәсіпорын өкілі Дана Нүркенова.

Қазіргі уақытта резеңке үгіндісі өте сұранысқа ие шикізатқа айналған. Ол жолдарды асфальттау кезінде қолданылатын қоспалардың құрамына енгізіледі. Сонымен қатар тартан жабындарын жасауға да кеңінен пайдаланады. Балалар ойын алаңдары, футбол алаңдары, теннис корттары секілді нысандардағы жұмсақ жабындардың негізі де осы резеңке үгіндісінен дайындалады. Қалада орналасқан көптеген спорт және ойын алаңдарынан мұндай жабындарды көруге болады.

«Қалдықтарды қайта өңдеуге әртүрлі ұйымдар өтінім береді. Олардың қатарында «Варваринское» АҚ, «ССКӨБ» АҚ, «Қашар кені» АҚ, «Комаров тау-кен кәсіпорны» және «Қостанай минералдары» АҚ бар. Өтінім беру үшін арнайы бағдарламаға заңды тұлға ретінде тіркелу қажет. Тіркелгеннен кейін өтінім беріледі, содан соң біздің мамандар көрсетілген мекенжайға барып, қалдықтарды алып кетеді. Бір өтінім бойынша шамамен 16 тоннаға дейін қалдық тасымалдауға болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын күніне сегіз сағаттық жұмыс режимімен жұмыс істейді. Алдағы уақытта өндірісті тәулік бойы жүргізу үшін ауысымдық жүйеге көшеміз. Яғни күндізгі және түнгі ауысымдар ұйымдастырылады. Осылайша жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуін және өңдеу көлемін арттырсақ деп отырмыз. Қазіргі уақытта бес қызметкер еңбек етеді. Болашақта олардың саны он адамнан да көп болады деп жоспарлап отырмыз. Ең бастысы резеңке үгіндісінен дайын өнім шығаратын қосымша жабдықтарды сатып алу қажет», – дейді кәсіпорын өкілі.

Тартан жабындарын өздері шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар әртүрлі пішіндегі плиткалар өндіруде де көздейді. Мысалы, мозаика түріндегі жабындар, бордюрлер және әртүрлі құрылыс плиткалары жасамақ. Бұл өнімдер нарықта сұранысқа да ие деуге болады. Қазіргі уақытта кәсіпорын экономистері жобаның тиімділігін есептеп жатыр. Алдын ала бағалаулар бойынша жоба өзін толық ақтайды деп күтілуде. Осылайша жоба сәтті жүзеге асар болса алғашқы өнім партиясын қараша айында шығармақ.

«Жоба «Жасыл даму» АҚ қолдауымен іске асуда. Олар бағдарламаның әзірлеушілері әрі үйлестірушілері. Бағдарлама «ЭкоҚолдау» деп аталады. Бағдарламаға кез келген кәсіпорын мен кез келген азамат қатыса алады. Бағдарлама халық арасында кеңінен насихатталып жатыр және оны пайдаланушылар саны артып келеді. Жеке тұлғалар смартфон арқылы тіркеліп, өтінім бере алады. Өтінім жарияланғаннан кейін кез келген тасымалдаушы сол қалдықтарды алып кетуге мүмкіндік алады. Ал ірі кәсіпорындар, мысалы «ССКӨБ» сияқты ұйымдар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы компьютер көмегімен тіркеледі. Осыдан кейін олар да қалдықтарды шығару және қайта өңдеуге жіберу бойынша өтінім бере алады», – дейді ол.

Пресс-турға қатысқан оқушылардың бірі – Рудный қаласындағы №15 Міржақып Дулатұлы атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Ханшайым Тайкешова. Оның айтуынша, мұндай өндіріс орнының өз өңірінде бар екенін естісе де, көзбен алғаш көріп отыр.

«Мен бұл зауыт туралы осыған дейін естісем де, келіп көрмеппін. Рудный қаласының іргесінде автокөлік шиналары мен басқа да резеңке қалдықтарды қайта өңдейтін осындай кәсіпорынның барына қуаныштымын. Өз көзімізбен өндіріс процесін көрдік. Пайдаланылған шиналардың арнайы құрылғылар арқылы өңделіп, қайтадан пайдалы өнімге айналатынын көру өте қызықты болды. Бұл табиғатты қорғауға да, қалдықтарды азайтуға да үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Осындай заманауи өндірістің біздің өңірімізде жұмыс істеп тұрғаны қуантады», – дейді оқушы.

Айта кетейік, кәсіпорынның негізгі бағыты пайдаланылған автокөлік шиналарын қайта өңдеу. Жобаның жалпы құны 354,5 миллион теңге. Зауыт «Жасыл даму» АҚ қолдауымен утильалым қаражаты есебінен іске қосылған.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Аталған жоба «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асырылып, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, қалдықтарды тиімді басқаруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ