Алғашқы ресайклинг шеберхана

Алғашқы ресайклинг шеберхана

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қостанай қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте облыс орталығындағы алғашқы ресайклинг шеберханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Қостанай қаласы әкімдігі мен «NECO» Экологиялық клубы» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Ресайклинг – «қайта өңдеу» немесе«екінші реттік шикізатты қайта өңдеу» мағынасын білдіреді.

Жаңа экологиялық шеберхана оқушылар мен жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Шеберханада пластик қалдықтарын ұсақтайтын құрылғымен жабдықталған велошредер (велосипедтің күшімен қалдық ұсақтайтын құрылғы), пластик бөтелкелерден 3D баспаға арналған жіп өндіретін PET Bot құрылғысы, 3D принтер және қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Контейнерлер пластикалық қақпақтар, алюминий банкалар мен макулатураны жинауға арналған.

Іс-шара барысында мектепке экологиялық жобаларды одан әрі дамыту мақсатында 300 мың теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар мектеп аумағында биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған жәндіктерге арналған арнайы үйшік орнатылды.

Салтанатты жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов құттықтау сөз сөйлеп, экологиялық бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосып жүрген барлық ұйымдастырушыларға, педагогтерге, еріктілерге және қатысушыларға алғыс білдіріп, табиғатты қорғау жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі.

«Бүгінде экология мәселелері күнделікті өміріміздің маңызды бөлігіне айналып отыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, №19 мектепте Қостанай қаласындағы алғашқы қайта өңдеу шеберханасының ашылуы және облыстағы алғашқы велошредердің орнатылуы ерекше маңызға ие. Бұл бастама балалар мен жастарды экологиялық қызметке белсенді тартуға мүмкіндік береді», – деді Берік Таңжарықов.

Аймақ әкімі орынбасарының сөзінше облыстың барлық аудандары мен қалаларында 100-ден астам жәндіктер үйшігінің орнатылуы биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Аталған жоба өңірде экологиялық білім мен тәжірибені ұштастыратын маңызды алаңға айналып, жастардың табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуына жол ашады деп күтілуде.

 

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Василий Васильев