Мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» байқауы өтті

Мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» байқауы өтті

Қостанайда мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Тіл шеберлері» байқауы мәресіне жетті. Ұйымдастырушылар – «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы мен «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы. Байқау ұлттық жобалар аясында қолға алынып, үш тілде еркін сөйлеудің маңызын насихаттауды мақсат етті.

Үш кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар қазақ тілінде эссе жазып, орыс тіліне ілеспе аударма жасап, ағылшын тілінде сурет мазмұнын сипаттап берді. Нәтижесінде, облыстық тексеру комиссиясының бас инспекторы, мемлекеттік аудитор Рауан Жақсан үздік атанып, жеңімпаз атанды.

– Бұл байқауға жеңіс үшін емес, қоғамда үштұғырлы тілдің маңызын насихаттау үшін қатыстым. Тіл – ұлттың жаны. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру арқылы заманауи бәсекеге қабілетті азамат қалыптасады. Мектеп қабырғасынан бастап шет тілдерін меңгеріп, білімімді осы сайыста шыңдадым. Мұндай байқаулардың жиі ұйымдастырылғаны – ел болашағы үшін маңызды, – дейді Рауан Оразалыұлы.

blank

«Тілдарын» орталығының басшысы Тоты Әбдібекқызы биыл байқауды алғаш рет мемлекеттік қызметшілер арасында өткізу туралы бастама көтергенін айтты.

– Қазіргі заманда көп тіл меңгеру – дамыған елдермен терезесі тең мемлекет болудың бір шарты. Мемлекеттік қызметшілер – ел айнасы. Олар қоғамға бағыт беруші. Сол себепті үштұғырлы тілді меңгеруді мемлекеттік қызметшілерден бастау – үлкен мақсатты көздейді, – деді ол.

blank

«AMANAT» партиясы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы да байқауға жоғары баға беріп, оның маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекеттік қызметшілер – елдің бет-бейнесі. Тілді меңгеру – рухани дамудың өзегі. Үш тілді жетік меңгерген азаматтар қоғамдағы кәсібилігімен, мәдениетімен үлгі бола алады. Бұл додада қатысушылар тек тіл шеберлігін ғана емес, рухани биіктігін, елге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Мемлекеттік тілде құжат жүргізетін өңір мамандары өзге тілдерді де еркін меңгеріп отырғаны қуантады. Қадыр ақын айтқандай, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тілді құрметте» деген ұстаным – бүгінгі қоғамның басты бағдары, – деді Кенжеш Оразғалиқызы.

blank

Байқаудың қазылар алқасының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ақерке Бекахметова да үштұғырлы тілдің маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді жетік меңгеріп қана қоймай, халықаралық деңгейде елімізді таныта алуы тиіс. Үш тілді білу – жай ғана артықшылық емес, бұл – заман талабы. Өз елінің мүддесін әлем алдында қорғай алатын бәсекеге қабілетті тұлғалар қалыптастыру – біздің ортақ міндетіміз, – деді Ақерке Дәуренбекқызы.

blank

blank

Облыстық мәдениет басқармасының мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Кенжеғали Әмірғалиұлы байқаудың тәрбиелік мәніне тоқталып, қатысушылардың кәсібилігін жоғары бағалады.

– Мемлекеттік қызметшілердің тіл меңгеруі – мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асуына ықпал етеді. Бұл – халықпен сапалы әрі ашық коммуникация орнатудың басты шарты. Үш тілде еркін сөйлей білетін маман – ел болашағының жарқын кепілі. Сіздердің осы байқауда көрсеткен қабілеттеріңіз жас ұрпаққа үлкен үлгі, – деді Кенжеғали Әмірғалиұлы.

blank

Байқау қорытындысы бойынша, Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жансая Сәрсенова екінші орынды иеленсе, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің жедел уәкілі Саят Назиров үшінші орынды еншіледі.

– Сайыс жоғары деңгейде өтті. Алғашқыда қобалжығаным рас. Алайда қатысу – үлкен тәжірибе. Бұл менің тілдік қабілетімді шыңдады, – дейді Жансая Сәрсенова.

Ал Саят Назиров қазақ тілінен орыс тіліне мәтінді шебер аударумен көзге түсті.

blank

Үштұғырлы тіл саясаты – Қазақстанның стратегиялық бағдары. Бұл байқау сол идеяның нақты жүзеге асып жатқанын айқын көрсетті. Ел жастарының болашағы – тілге жетік, білімді, мәдениеті жоғары азамат болуында.

Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК