Әулиекөл ауданында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің ескерткішіне тағзым ету іс-шарасы өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов, Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов, аудандық мәслихат төрағасы, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен партия белсенділері қатысты. Барлығы 20-ға жуық адам белсенді түрде атсалысты.
Акция барысында ескерткіш маңы қоқыстан тазартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 8 дана шырша ағашы отырғызылып, Сұлтан Баймағамбетовтің рухына гүл шоқтары қойылды.
«Біздің халқымыздың тарихында өз өмірін Отан үшін қиған ерлердің ерлігі ұмытылмайды. Мұндай шаралар — жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятуға, сондай-ақ туған өлкенің табиғатына жанашырлықпен қарауға бағытталған маңызды қадам», — деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.
Қатысушылар батырдың ерлігін еске алып, оның өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті.
Айбол Өміртай
ҚӨУ студенті