Бүгін Қостанайдағы Ахмет Бірімжанов мектебінің оқушылары «Қостанай таңы» газетінің редакциясында қонақта болды. Оқушылар газеттің ғасырлық шежіресімен танысып, заманауи журналистиканың қыр-сырына қанықты.
Редакция ұжымымен рухани құндылықтар мен кітап оқу мәдениеті төңірегінде ашық пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
«Мектебемізде «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты онкүндік осындай қызықты оқиғалармен жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл кездесу осы апталықтың ең айтулы оқиғасы ретінде оқушыларымыздың есінде қалады деп ойлаймын. «Қостанай таңы» – өңіріміздің айнасы, ғасырлық тарихы бар бас басылым. «Қазіргі қазақ балалар жазушылары» айдары арқылы жаңа есімдермен танысып, бүгінгі балалар әдебиетінің өзекті бағыттарын талқылап жатыр. Қара шаңырақтың киелі тарихы жастарға үлкен ой салады», – дейді мектеп директорының орынбасары Жаслан Бекентаев.
Басылымның бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы мен орынбасары Аслан Жақсылықұлы оқушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, шығармашылық жолдың қиындығы мен қызығын, кәсіби шеберліктің құпияларын бөлісті.


Оқушылар білікті мамандардан құнды кеңестер алып, болашақ мамандық таңдау төңірегінде әңгімелесті.
«Газеттің қалай дайындалатынын, әр сөздің астарында қаншама еңбек жатқанын көріп таңғалдық. Бұл жүздесу біздің сөз өнеріне, ұлттық құндылықтарымызға деген көзқарасымызды өзгертті», – деп ағынан жарылды оқушылар.
Жас буынның рухани өсуіне қолдау көрсетіп, жылы қабылдаған мектеп әкімшілігі де алғысын білдіріп жатыр. Кездесу соңында оқушылар естелік үшін суретке түсті.

Бұл жүздесу болашақ «Адал азаматтардың» шығармашылыққа деген құштарлығын оятып, сөйлеу мәдениетін дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
