Еуразиялық банк Қазақстан өңірлеріндегі медициналық мекемелерге атаулы қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. Кезекті көмек Қостанай аудандық ауруханасына бағытталды. Бұл – күнделікті үздіксіз жұмыстың сапасын арттыра түсу үшін ресурстарды аса қажет ететін ұжымға жасалған демеу.
Банк аталған медициналық мекемеге бірнеше қорап сый-тарту әкелді. Атап айтқанда, ұжымға құжаттарды өңдеу және әкімшілік міндеттерді орындау үшін пайдаланылатын көп функциялы үш құрылғы (МФУ) табыс етіліп отыр. Сонымен қатар ғимарат тазалығын сақтау және санитарлық талаптарды орындауға қажет шаруашылық құрал-жабдықтары сыйға берілді.
«Біз денсаулық сақтау мекемелерін қолдауға ерекше мән береміз, өйткені олардың үздіксіз жұмыс істеуі зор маңызға ие екенін жақсы түсінеміз. Тіпті шағын көмектің өзі медицина қызметкерлерінің күнделікті қызметінің тиімділігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл қолдау шарасы аудандық аурухананың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да мүддесі үшін жасалып отыр», — деді банктің Қостанай филиалының директоры Қырмызы Жанбыршина.
Бұл көмек-қолдау медицина қызметкерлерінің жұмыс үдерісін жеңілдетіп, қызметкерлер мен пациенттер үшін қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік сыйлайды. Осындай демеушілік көрсеткен банк ұжымына дәрігерлер қауымы ризалығын білдірді.
«Біздің ауруханаға қолдау көрсеткені үшін Еуразиялық банкке алғысымызды айтамыз. Ұжымымызға табыс етілген техника мен қажетті материалдар ішкі процестерді оңтайландыруға көп көмегін тигізбек. Басты міндетіміз халыққа сапалы медициналық көмек көрсету болғандықтан, мұндай қолдау-демеу қолымызды ұзарта түсері сөзсіз. Демек, бұл тұрғындар алдындағы қызметіміздің сапасын арттырып, жұмысымызды жеделдетуге жол ашады», — деді бас дәрігердің орынбасары Қарлығаш Қаржаубаева.
Еуразиялық банктің коронавирус пандемиясы кезінде де өңірдегі ауруханаларға жәрдемі аз тиген жоқ. Елді індет жайлап, медициналық мекемелер арнаулы құрылғыларға мұқтаж болған тұста бірнеше ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратын сатып әперген еді. Олардың қатарында осы аудандық аурухана да болды. Бүгінгі іс-шараны да өзара әріптестікті нығайта түскен оқиға деуге негіз бар.
Айта кетейік, Еуразиялық банк — Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар коммерциялық банктердің бірі. Активтер көлемі жөнінен елдегі ірі он банктің қатарына кіреді. Банк акөлік несиелеу, бөлшек бизнес салаларында жетекші орындарға ие. Корпоративтік әрі шағын және орта бизнес клиенттеріне қызметтердің кең спектрін ұсынады.
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
