Облыстық коалиция мүшелері Омарғали Байғабылов пен Жанар Куйшинова Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституцияның негізгі ережелері, оның басты құндылықтары мен қағидаттары, сондай-ақ Негізгі заңды заманауи талаптарға сәйкес жаңартудың маңызы туралы пікір алмасты.
Кездесуде денсаулық сақтау және азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жанар Куйшинова жаңа Конституцияда әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Ал Омарғали Байғабылов өз кезегінде азаматтардың еңбегін қорғау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесінің маңыздылығын айтты. Ол конституциялық нормалар қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге және мамандардың мәртебесін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Оның сөзінше, адал еңбекке құрмет пен кәсіби мамандарды қолдау – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі. Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік мемлекет құру бағыты аясында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, ана мен баланың денсаулығын қорғауға, профилактикалық медицинаны дамытуға, денсаулық сақтау саласына заманауи технологиялар мен цифрландыруды енгізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Кездесу соңында аталған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін заманауи әрі тиімді құқықтық негіз қажет екені атап өтілді. Ал мұндай негізді жаңа Конституция қамтамасыз ететіні айтылды.
#референдум2026
