Майлин ауданында көлік-логистика кешені және күн энергиясы станциясы салынып жатыр

Майлин ауданында көлік-логистика кешені және күн энергиясы станциясы салынып жатыр

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Бейімбет Майлин атындағы ауданына жұмыс сапарымен барды.

Іссапар «Параллель» туристік демалыс базасынан басталды. Жалпы көлемі 3,27 гектар болатын база аумағында екі және төрт бөлмелі үйшіктер, бес орынды VIP-үйлер, 15-30 адамдық люкс, скандинавтық, мансардты тұрғынжайлар, эко-шатыр аймақтары, елу адамдық киіз үй және екі монша салынған. Жайлы демалысқа қажеттінің бәрі бар. Күніне жүзден астам адам қабылдауға қауқарлы. Өңір басшысы мұндай нысандар туристік тартымдылықты арттыруға зор ықпал ететінін айтты.

«Мұнда Майлин ауданы мен Рудный қаласы маңындағы тұрғындар ғана емес, түгел облыстан адамдар келіп демалады. Ол үшін барлық жағдай жасалған, инфрақұрылымы сапаға сай. Ескертерім, адамдардың қауіпсіздігі және өрттен сақтандырылу деңгейі ерекше бақылауда болуы керек. Ықтимал оқыс жағдайларды болдырмаудың барлық қажетті шаралары қабылдануы шарт. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін алдағы уақытта да демалыс базасын, демалушыларға арналған жағдайларды, әртүрлі аттракциондарды және басқа да игіліктерді жақсартып, дамыта түсуге тиіссіздер», – деді Құмар Ақсақалов.

blankОдан әрі облыс әкімі Калинин селолық округіне қарасты Береговой ауылына бағыт бұрып, елді мекендегі «Викторовское» ЖШС-не ат шалдырды. Бұл серіктестік өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Меншікті жер көлемі 24 346 гектар болса, егістік алқабы 15 мың гектардан асады. Бағымда 2785 ірі қара малы бар. Директоры Иван Куликов өңір басшысына шаруашылық аужайын таныстырып, техникалық қамтылымын, қысқа қамданыс барысын көрсетті. Бәрі қалыпты дегенмен, серіктестікті алаңдататын мәселе де жоқ емес.blank

«Шаруамызды ілгерілетуге газдың жоғы қолбайлау. Біз өзіміз модульді газ станциясына 72 млн теңге шығындадық. Бірақ көгілдір отын әлі жоқ. Осы мұқтаждығымыз шешілсе, мұртымызды балта шаппас еді», – дегенді айтты Иван Куликов.

Құмар Іргебайұлы бұл мәселеге байланысты ТКШ бөлімі мердігерлермен жұмыс істеп жатқанын, жыл соңына дейін газ берілетінін айтты.blank

Аудан көлеміндегі ең ауқымды жоба Тобыл станциясында жүзеге асады. Атап айтсақ, «Tobolcenter kz» ЖШС өндіріс-логистика кешенінің құрылысы басталды. Қазақстан мен Қытай бірлесіп ашатын кәсіпорын жобасы астық, майлы дақылдар және көкөніс өсіру, оларды қайта өңдеу, сақтау, дайын өнімді ел өңірлеріне, алыс-жақын шетелге шығаруды көздейді. Компания 360 мың тонна ұн, 219 мың тонна май өндіретін зауыт, көлік-логистика орталығын салады. . 9 мың шаршы метрлік қойма, үш мың контейнерге арналған алаңы болады. Темір жол тораптары төселеді. Құрылғылар Қытайдан әкелініп жатыр.  blank

«Инвестиция көлемі – 10 млрд теңге. Жобаны серіктестік өзі қаржыландырады. Кешен аумағы – 97 гектар. Құрылысты биыл бастаймыз. Жер учаскесі рәсімделіп, мамыр айында жобамызды индустрияландырдың бірыңғай картасына енгізу туралы бұйрық шығарылды. Кешенді 2028 жылдың сәуір айында іске қосу жоспарда бар. 200 жаңа жұмыс орны құрылмақ», – дейді серіктестік директоры Темірлан Жүсіпов.

Құмар Іргебайұлы өңірде көлік-логистика бағытында іске асып жатқан жобалар туралы пікірін қоса кетті. Оның айтуынша, құрлық порттары облысқа географиялық артықшылықты барынша пайдалануға, өңірді инвесторларға тартымды ете түсуге жол ашады.

«Мемлекет басшысы: «Қазақстан Еуразия өңірінің басты көлік-логистикалық хабына айналуға тиіс», – деген еді. Біздің өңірде осы бағытта екі бірдей халықаралық жоба іске асырылып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, алғашқысы Қостанай қаласында. Ол халықаралық логистикалық хаб және «СолтүстікОрталықШығыс« бағытындағы жаһандық жеткізу тізбегінің бөлігі болуға, сондай-ақ «Солтүстік ҚазақстанОңтүстік Орал«, Қытай, Ауғанстан, Түркия, Иран және Өзбекстан бағыты бойынша жүк ағындарын шоғырландырады. Майлин ауданындағы екінші жобаның да мән-маңызы өте зор. Келешегі жарқын. Құрылысқа сәттілік тілеймін», – деді ол.

Бұдан бөлек, Тобыл станциясының темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 1971 жылы салынған вокзалға 16 жыл бойы лайықты жөндеу жасалмаған. Биыл нысанның іші-сыртын жаңартуға 225,2 млн теңге бөлінді. Жұмысты осы жылдың желтоқсанына дейін аяқтау көзделіп отыр.blank

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, облыста алты вокзал жөнделіп жатыр. Олардың келбеті соңғы үлгіге сай болуы керек. Вокзалдар жолаушылар демалатын орындармен, заманауи дәмхана, автоматтар және басқа да қажетті қызмет көрсету нүктелерімен қамтылуға тиіс. Электронды технологияларды қолданудың маңызы зор»,  – деді облыс әкімі.

Осыдан соң өңір басшысы Асенкритов ауылдық округіне қарасты Николаев елді мекеніне ат басын бұрды. Қазір бұл ауылда сумен қамту жүйесі салынып жатыр. Су құбырының жалпы ұзындығы – 10 697 метр. Мердігер ұйім өкілдері құрылыстың желтоқсан айында аяқталатынын айтып отыр.

«Бүгінде ұзындығы 10,7 км су тарату желілерін салу жұмыстары аяқталды. 124 құдық орнатылды. Аумақ қоршалып, су тазарту станциясының іргетасы құйылды. 58 метр ұңғыма қазылды. Қазір су сору станциясына алаңішілік желілер құдықтары орнатылып, бордюрлер төселіп жатыр. Құрылыс кестеге сай жалғасып жатыр», – деп ақпарат берді «Диас-проект» ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Тастанбек.

blankАудандағы тағы бір маңызы зор инфрақұрылымдық жобаны Варварин ауылындағы «Варваринское» акционерлік қоғамы іске асырып жатыр. Мұнда қуаты 22,8 МВт күн электр станциясы салыну үстінде. Жоба бастамашысы – Solidcore Resources компаниясының еншілес кәсіпорны «AltynSolarEnergy» ЖШС. Мердігер – «Hi-Teck Qazaqstan» ЖШС.

«Жоба құны – шамамен, 7,4 млрд теңге. Станция құрылысын 2026 жылдың қаңтар айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл – кәсіпорнымыздың декарбонизация аясында электр энергиясы тұтынысының басым бөлігін «жасыл» энергетикамен қамсыздандыруды мақсат еткен жоба. Жоба аясында 29 жұмыс орнын құру жоспарда бар», – дейді «Варваринское» АҚ басқарма төрағасы Абдурахман Исаев.

blankҚұмар Ақсақалов та өз пікірінде бұл жоба елдің теріскейіндегі ең ірі станцияға айналатынын айтты. Оның мәліметінше, 98 мың шаршы метр аумаққа 36 мыңнан астам күн панелін орнату жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары облыс әкімінің және аудан басшысы Қайсар Мыржақыповтың жергілікті халықпен кездесу жиынымен түйіндеді. Онда аудан жұртшылығын алаңдатқан түйткілдер талқыға салынды. Елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту, көгілдір отынмен қамту, ауылішілік жолдарды жөндеу тұрғысындағы жоспарлар жария етілді. Жыл басынан бері атқарылған шаруалардың есебі берілді.blankblank

Ж.Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ