Арқалықта «Кітап апталығы» басталды 

Арқалықта «Кітап апталығы» басталды 

23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай Арқалық қаласына қарасты Родина ауылдық округінде орналасқан «Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде» кітап апталығы өтуде.

Апталықтың алғашқы күні «Кітапқа құрмет – білімге құрмет» атты ашық есік күнімен басталды.

Тағылымды іс-шарада жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды насихаттау мәселелері қаузалды.

Кітапқа арнау жыр оқылып, білім мен тәрбиенің қайнар көзі екендігі насихатталды. Кешті кітапхана қызметкерлерімен бірге Родина ауылдық клубының жетекшісі Мұратбек Талғатұлы ән-күймен әрлеп, әсерін арттыра түсті.

Кеш қонақтары белгілі қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай Байділдәұлы, Родина ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байжан Әбілов, Ә.Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы Гулфара Русланқызы кітаптың маңыздылығына кеңірек тоқталып, жастарды кітап оқуға үндеді.

“Кітап пен телефон” атты сахналық көріністе қазіргі жастар өміріндегі кітап пен телефонның рөлі салыстырылып, нәтижесінде білімнің маңыздылығы айқындалып көрсетілді. Викториналық сұрақтарда көрермендер белсенділік танытып, өз білімдерін сынады. Сонымен қатар, «Кітап – сарқылмас қазына» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандарға ұлттық әдебиетіміздің бай мұралары таныстырылды.

«Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – руханиятқа бет бұрып, кітапты серік ету. Орталық кітапхана жүйесі оқырмандарын 16–23 сәуір аралығында Ұлттық кітап күні апталығы аясында түрлі танымдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға шақырады. Кітапханамыздың есігі оқырмандарымыз үшін әрқашан ашық», – дейді «Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Лаззат Баяхметқызы.

Кеш соңында кітапхана директоры Дәмет Есенжолқызы қорытынды сөз сөйлеп, «Кітап оқитын ұрпақ – ойлы ұрпақ» екенін атап өтті. Үздік оқырмандарды арнайы номинациялар бойынша марапаттады.

blank blank blank

Атап айтқанда: «Шығармашыл тұлға» аталымына Шөптібай Байділдәұлы, «Үздік отбасы оқырманы» аталымына Әбіловтер отбасы, «Ең белсенді оқырман» аталымына — Аяулым Сәбитбекова, «Жас оқырман» аталымына Айзере Қабдолла, «Кітап жанашыры» аталымына Аягөз Сейітханқызы ие болды.

 

                                         Мұрат Жүнісұлы                                                                                  Арқалық қаласы