Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған «Арқалығым – ардағым» атты ән байқауы қала тұрғындары мен қонақтарына есте қаларлықтай, айта жүрерліктей жақсы бір демалыс кешін сыйлады.
Бұл байқау Арқалық қаласының тарихын, жетістіктерін насихаттап, мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген талант иелерін халыққа таныту үшін ұйымдастырылып отыр.
Осылайша жергілікті әннің авторлары мен орындаушы өнерпаздарға қолдау көрсетілді. «Тобыл-Торғай» композиторларының әндерін келешек ұрпаққа жеткізе отырып, патриоттық сезімдерін оятты.

Салтанатты кеште қала әкімі Әмірхан Асанов осылай деді.

«Арқалық – тарихы терең, тағдыры тағылымға толы қасиетті мекен. Жерінен кен көзінің табылуына байланысты осыдан 70 жыл бұрын іргетасы қаланған қаламыз бүгінде өсіп-өркендеп, өзіндік келбеті қалыптасып,Торғай өңірінің рухани әрі мәдени орталығына айналды. Мемлекет басшысының көңіл бөлуінің арқасында бүгінгі таңда қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көпқабатты үйлер жөндеуден өтуде. Жыл сайын абаттандыру жұмыстарына ден қойылып, Арқалықтың ажары артып келеді. Алдағы уақытта да қаламыз өркендеп, тұрғындарға жайлы мекен бола түсеріне сенімім зор», – деп сөзін аяқтады қала әкімі.
Байқауға Астана халықаралық университетінің жоғары педагогикалық колледжінің Музыкалық пәндер, Хор, вокал пәндерінің оқытушысы. «Білім саласының үздігі» медалінің иегері – Ғалия Жұмабаева, ҚР Мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы, Құрмет орденінің иегері – Боранбай Әбенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор — Нұрболат Арзамасұлы қазылық жасады.
Байқауда Арқалық қаласының 70 жылдығына орай, қала әкімі Әмірхан Асановтың ұсынысымен жазылған жаңа әннің де тұсауы кесілді.

Жаңа туынды — “Ару қала – Арқалық” әні. Сөзін жазған – Ерқожа Тілепберді, әнін жазған – Нұрболат Арзамасұлы.
Көрермендерді әнге бөлеген әсерлі кеште байқаудың қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамасұлын және жұбайы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Құмарова жаңа әндерінің тұсауын кесті.
Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған “Арқалығым – ардағым” атты ән байқауының гала концерті кешкісін қаланың орталық «Наурыз алаңында» жалғасын тапты.

Қала әкімі Әмірхан Асанов қала тұрғындары мен қонақтарын тағы бір мәрте құттықтап, арнайы жүлдесін табыс етті.
«Арқалық қаласының – 70 жылдық мерейтойын атүсті атап өтпей, халыққа мазмұнды мерекелік іс – шаралар легін тарту етпек мақсатымыз бар. Бүгінгі “Арқалығым – ардағым” атты ән байқауы соның бір дәлелі. Бұған дейін қаламыздың — 70 жылдығына орай, мерекелік логотипке байқау жариялап, үздік жұмысты анықтаған болатынбыз. Күні ертең мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің – 95 жылдығына орай, Өзағаң мәңгілік пана тапқан киелі Түркістан жеріне алдыңғы толқын өкілдері мен оқушылардан құралған елден астам адамды арнайы экспедицияға жібергелі отырмыз», – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы.
Өстіп, өнер додасының екі кезеңі де сәтті өтті. Әділ баға беретін қазылар алқасы қорытындысын жариялады.
Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған «Арқалығым – ардағым» атты ән байқауының жүлдегерлері:
Бас жүлде — Бекжан Жансұлтанұлы (Астана қаласы), І орын – Мұратбек Талғатұлы (Арқалық қаласы), ІІ орын – Абай Нағашыбайұлы (Сарыкөл ауданы), ІІІ орын – «Жігіттер» триосы (Арқалық қаласы), ІІІ орын – Серікболсын Абықан (Алтынсарин ауданы).
Номинациялар бойынша:
«Туған жерге тағзым» — Асхат-Дидар Шыңғысовтар (Қостанай),
«Патриоттық рух» – Жарқынбек Есенұлы (Қостанай),
«Туған өлке үні» – Аслан Сағынтайұлы (Астана қаласы),
«Арқа әуені» – Ақтоты Серікжанқызы (Жарқайың ауданы),
«Жүректен шыққан үн» – Нұрсұлтан Болатұлы (Арқалық қаласы),
«Арқалықтың алтын үні» – Азамат Боранбайұлы (Арқалық қаласы),
«Үздік авторлық ән» – Аслан Қарабайұлы (Арқалық қаласы),
«Арқалық қаласы әкімінің арнайы жүлдесі» — Мұратбек Талғатұлы ие болды.
Бас жүлде алған әнді тарқатып айта кетсек, әннің аты – «Арқалық — асқақ мекенім».

Әннің сөзін жазған, белгілі ақын — композитор Болат Молдашев, әнін жазған талантты сазгер Қанат Едресов.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
