Облыс орталығы болған соң Қостанайда ауқымды мәдени іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Елімізге танымал эстрада жұлдыздары да келіп, жеке шығармашылық кештерін береді. Жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламалары да көбейіп, көңіл марқаюда. Мұның бәрі тамаша. Әттеген-айы ұйымдастырушылар аялдамаларға афишаларды бей-берекет жабыстырып кететін көрінеді.
Оны өшіру, қырып, орнын тазарту қалалық мердігерлердің жұмысшыларына артылған қосымша міндет.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев дүйсенбілік аппарат кеңесінде осы ойды қозғап, жарнамаға тиесілі арнайы орын барын еске салды. Өткен апта ішінде тұрғындар iKomek қызметіне жүгініп, жөн-жосықсыз ілінген жарнамалық ақпараттарға шағымданған.
Жергілікті билік тексеру барысында Әуежай шағын ауданындағы аялдамадан, Әл-Фараби көшесіндегі «Балалар әлемі», «Радуга» аялдамасынан, Карбышев көшесіндегі «Карбышев» аялдамасынан қостанайлық белгілі өнерпаздың жарнамасын аңғарған. Қала әкімі «Концерт өтеді. Ал жарнамалық плакаттар сол күйі қалады. Ұйымдастырушылар оны жинап, артын тазалап кетуді білмейді» деп сынады.
«Бұл – қалалық әкімдікке тиесілі аумақ. Ол жердің тазалығын мердігер ұйымдар сақтап, қадағалап отырады. Жарнама үшін бөлек орын қарастырылған, электронды тақта бар. Сол жерге ілу керек афишаны. Бұлай жалғаса берсе кінәлілерді жазалау керек», – деді шаһар басшысы.
Полиция басқармасының хабарлауынша, аталған концерттің ұйымдастырушысы Астана қаласында. Ал қызметін қашықтықтан басқарып, осындай бассыздыққа жол берген.
Қымбат ДОСЖАНОВА
