Қазақстандағы ең қарт тұрғын Түймегүл Темірбаева 116 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды Ұлытау облысының әкімдігі жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын Kazinform тілшісіне сұхбат берген ғасыр жасаған әже ұзақ ғұмыр кешуінің сырын айтып, бойындағы сергектік пен өмірге деген құштарлығын сақтауға не көмектескенін бөліскен еді.
Ұлытау облысының әкімдігі Түймегүл Темірбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
— Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, тұтас бір дәуірдің куәсі болған Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына, жақындары мен барша отбасы мүшелеріне қайғыра көңіл айтамыз. Ұзақ әрі өнегелі ғұмырында Түймегүл апа 15 немере мен 25 шөбере сүйіп, бірнеше ұрпақтың өсіп-жетілуіне куә болды. Ол өз әулетінің ақылшысы, тірегі әрі берекесі еді. Түймегүл апа тек отбасының амандығын ойлап қана қоймай, ел өміріне де бейжай қарамаған жан болатын. Мемлекет үшін маңызды оқиғалардан тыс қалмай, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап, ел болашағына әрдайым алаңдап отырды. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ананың өнегелі өмір жолы мен жарқын бейнесі ұрпақтарының жадында ғана емес, еліміздің тарихында да сақталатынына сенімдіміз, — делінген көңіл айтуда.
