Әлемдік БАҚ Тоқаевтың цифрлық экономикасы туралы: Қазақстан жасанды интеллект әлеуетін арттыруда

Әлемдік БАҚ Тоқаевтың цифрлық экономикасы туралы: Қазақстан жасанды интеллект әлеуетін арттыруда

Британдық халықаралық қаржы-талдамалық Global Banking & Finance Review басылымында Қазақстанның салынып жатқан есептеу инфрақұрылымын дербес экспорттық бағытқа айналдыра алу мүмкіндігі мәселесі көтеріледі.

Әңгіме шетелдік компанияларға жасанды интеллект модельдерін оқыту және іске қосу үшін серверлер мен аппараттық жеделдеткіштерге қолжетімділікті ұсыну туралы болып отыр. Мұндай модельде ел тек электр энергиясы мен деректерді транзиттеу қызметтерін ғана емес, қосылған құны жоғары цифрлық қызметті де экспорттай алады.

Генеративті жасанды интеллектінің, корпоративтік аналитиканың және автоматтандырудың кеңінен таралуына байланысты есептеу ресурстарына деген халықаралық сұраныс артып келеді. Басылымның атап өтуінше, компанияларға модельдерді әзірлеу және іске қосу үшін қажетті ресурстар керек, алайда олардың барлығы бірдей деректер орталықтарын өз бетінше салып, қымбат жабдықтарды сатып алуға дайын емес. Қазақстан бәсекеге қабілетті баға, сенімді энергиямен жабдықтау, сапалы байланыс және деректермен жұмыс істеудің түсінікті ережелерін қамтамасыз еткен жағдайда осындай қызметтерді ұсына алады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық инфрақұрылымды жаңа экономиканың негізі ретінде қарастырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Ендігі басты міндет – есептеу ресурстарын бизнес, ғылыми зерттеулер және мемлекеттік жүйелер саласында тиімді пайдалану, сондай-ақ олардың негізінде экспортқа бағытталған өнімдер қалыптастыру. Бұл ретте ірі инфрақұрылымдық нысандарды дамыту барысында отандық кәсіпорындар мен әзірлеушілердің қажеттіліктерін де ескеру маңызды.

Есептеу ресурстарына қолжетімділіктің нақты мысалы – NVIDIA жеделдеткіштері негізінде құрылған Alem.Cloud ұлттық кластері. Оның ресурстары мемлекеттік органдарға, ғылыми институттарға, жоғары оқу орындарына, стартаптар мен компанияларға ұсынылған. Қуаттардың 90 пайыздан астамы 50-ден астам ұйым арасында бөлінген. Бұл ел ішінде есептеу ресурстарына сұраныстың бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар шетелдік клиенттер қызметтің қолжетімділігіне, сұраныстарды өңдеу жылдамдығына, деректердің қорғалуына, жүйелердің резервтік мүмкіндіктеріне және техникалық қолдау сапасына баса назар аударады.

Соңғы жеті жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар 2018 жылғы 72,2 млрд теңгеден 2025 жылы 261,5 млрд теңгеге дейін өсті. Ал соңғы бес жылда IT-қызметтер экспорты шамамен 34 есеге артып, 2020 жылғы 33,5 млн АҚШ долларынан 2025 жылы 1,142 млрд долларға жетті. Бұл цифрлық сектордың қарқынды дамып келе жатқанын және есептеу қызметтерін экспорттау үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді.

Жаңа бағыт Қазақстан үшін табыс көзіне айналуы үшін деректер орталықтарының тұрақты жүктемесін, бәсекеге қабілетті тарифтерді және отандық кәсіби құзыреттерді қамтамасыз ету қажет. Ұзақ мерзімді нәтижелілік тек серверлердің қуатымен ғана емес, сонымен қатар ел ішінде қалыптасатын қосылған құнның үлесімен де айқындалатын болады.