Жангелдин ауданы әкімінің кубогіне арналған «Әкім кубогы – 2026» Жайдарман ойыны тартысты бәсеке мен ерекше әсерге толы болды.
Әзіл мен тапқырлық тоғысқан өнер додасында командалар «Заң мен Тәртіп» тақырыбын арқау етіп, көрерменге ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Іс-шара Жангелдин аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік — әлеуметтік тапсырысы аясында «Жалын» жастар ұйымы» ҚБ ұйымдастыруымен өтті.
Жан жадыратқан Жайдарман ойынының салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызы қатысушыларды арнайы құттықтап, жастардың шығармашылығы мен өнеріне қолдау білдірді.
«Жайдарман – жай ғана әзіл емес, жастардың ойы мен өнерін, тапқырлығы мен талантын танытатын үлкен мектеп. Бүгін Торғай төрінде өткен ойын соның айқын дәлелі болды. Командалардың дайындығы, сахнадағы еркіндігі мен тың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Осындай додалардың аудан көлемінде ұйымдастырылуы – жастар шығармашылығына көрсетілген үлкен қолдау. Торғай Жайдарманының болашағы жарқын екеніне сенімдімін», – дейді жайдарманшы Азамат Жолдықан.
Торғай төріндегі тартысты дода — таланттарды танытып, Жайдарманның жарқын рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Әулиекөл ауданынан «БІР ҮЙДІҢ БАЛАЛАРЫ» (Жүлдесі 100 мың теңге), ІІ орынды Жангелдин ауданынан «ТҮЙМЕ», «ШОҚАН ШОУ» (50 мың теңге), ІІІ орынды Арқалық қаласынан «20:26», «АРМАН (30 мың теңге) командалары иеленді. «Үздік ойыншы» – Рамазан Ербосын (Арқалық), «Үздік жетекші» – Жанбақыт Қазым (Көкалат) аталымдары берілді.

«Жеңіске деген жігері үшін» арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақылармен «Арқалық құрамасы», «Qala Media», «Көкалат» және «Болашақ» командалары марапатталды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Жангелдин ауданы
