Федоровта ұлттық спорт ұлықталды

Федоровта ұлттық спорт ұлықталды

Федоров ауданында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне орай спорттық-мәдени іс-шара өтті. Салтанатты ашылу рәсімі «Жастар» аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.

Ұлттық нақыштағы шеру іс-шараның өзегі болды. Спортшылар батырлардың сүйемелдеуімен сап түзеп шығып, көпшілікке ерекше рух пен салтанатты көңіл-күй сыйлады.

 

Негізгі бөлігінде жастар танымал спортшы Асқар Досановпен кездесті. Еркін әрі ашық форматта өткен жүздесу барысында ол өзінің спорттағы жолы, жетістіктері туралы әңгімелеп, ұлттық спорт түрлерінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, табысқа жету үшін табандылық, тәртіп және өз-өзіне деген сенімнің аса қажет екенін атап өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спортшымен еркін пікір алмасып, оның жетістіктерінен шабыт алды.

blank

Одан кейін спорттық сайыстар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында жалғасын тапты. Бағдарлама аясында қазақтың ұлттық ойындары – тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық және басқа да ойындар ұйымдастырылды.

blank

Қатысушылар өздерінің ептілігін, шапшаңдығын және логикалық ойлау қабілеттерін көрсетсе, көрермендер ұлттық ойындардың ерекшелігімен жақынырақ танысты.

blank

Жалпы алғанда жылы әрі көтеріңкі көңіл күйде өтті. Бір жағынан ұлттық спорт ұлықталса, аудан тұрғындарын, жастарды және спорт сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шараға айналды. Осындай игі бастамалар жас ұрпақты спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

blank

blank

blank

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған — аудандық ішкі саясат бөлімі