Қазақстанда 2028 жылдан бастап ұл балаларға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салына бастайды. Бұл жөнінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Онда иммундау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі делінген. Дәрігерлердің түсіндіруінше, вакцинация адам папилломасы вирусынан туындайтын кейбір аурулардың, соның ішінде жыныс мүшелеріндегі кондиломалардың, анус обыры мен жыныс мүшесі обырының алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар ұлдарды вакцинациялау вирустың таралуын азайту арқылы әйелдер үшін де жанама қорғаныс бола алады.
«Қостанай облысында да бұл бастама қолға алынады. Бірақ нақты қай кезде, қалай өтеді әзірге нақты ақпарат бере алмаймыз», – деді баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
