Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бағдарламасы кеңейтілді. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, енді 14-17 жас аралығындағы қыздар да АПВ-ға қарсы екпе ала алады. Бұл бастама жатыр мойны обырының алдын алуға және жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға бағытталған.
Қостанай облысында АПВ-ға қарсы вакцинация өткен жылдан бері жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда екпе 11 жастағы қыздарға жоспарлы түрде, ал 12-13 жастағы қыздарға қосымша иммундау аясында салынады. Осы уақытқа дейінгі мәлімет бойынша облыста 11-13 жас аралығындағы қыздарға барлығы 2662 профилактикалық екпе жүргізілген. Оның ішінде 1111 қыз бірінші дозаны, ал 1551 қыз екінші дозаны алған. Екпе алғандар арасында жағымсыз реакциялар тіркелмеген.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымованың айтуынша, көпшілік тарапынан вакцинация жасын кеңейту жөнінде көптеген өтініштер түскен.
– Вакцинация жасын әртараптандыру туралы шешім онкологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында қабылданды. Адам папилломасы вирусы – әлемде кең таралған инфекциялардың бірі. Оның кейбір түрлері жатыр мойны обырының дамуына себеп болады. Ғылыми зерттеулер бұл аурудың негізгі себебі ВПЧ екенін дәлелдеді. Сондықтан екпе – қыз балаларды болашақта қауіпті дерттен қорғаудың ең тиімді жолы, – дейді Гүлім Досымова.
Жаңа қаулыға сәйкес, вакцинация қыздарға ерікті түрде жүргізіледі. Бүгінде облыста жаңадан қосылған жас санатындағы 63 қыз екпе алып үлгерген.
Мамандардың айтуынша, ВПЧ шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобына жатады. Инфекция көп жағдайда ешқандай белгісіз өтеді. Алайда уақыт өте келе жасушалардың қатерлі өзгеруіне әсер етіп, онкологиялық аурулардың дамуына алып келуі мүмкін.
– Қазір адам папилломасы вирусын толық емдейтін дәрі жоқ. Сондықтан аурудың алдын алудың жалғыз тиімді әдісі екпе алу болып тұр. Одан қорқу да еш негізсіз, – деді Гүлім Досымова.
Вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі негізінде жүргізіледі. Екпені білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттерде немесе тіркелген емханалардан да алуға болады. Дәрігерлер қыз балалардың денсаулығын қорғау үшін ата-аналарды вакцинация мүмкіндігін пайдалануға шақырады. Мамандардың пікірінше, уақытылы салынған екпе болашақта жатыр мойны обырының даму қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
