Еңбектің жолы, қызыққа толы Бидайық ауылынан көрініс

Еңбектің жолы, қызыққа толы

Кезінде есіл еңбектің бел ортасында жүрген марғасқаларымызды бүгінде аузына ата сақалы түскен қария деуге қимайды екенсің. «Табиғат заңы» дейін десең, әлі де қажырлы қалпын сақтап келе жатқанын көріп қуанасың. Сондай жандардың бірі Кенжеғали Сәденұлы.
Кенжеғали Сәденұлының балалық шағы Торғайдың Шилі бойында өтті. Әкесі Сәден Қызбел ауылында елуінші жылға дейін су шаруашылығы маманы болып жұмыс атқарған. Кейін Амангелді ауданына ауыстырылды.

«Жалдама бойында өмірге келіппін. Алдымда Жаниға деген қыз бала өмірге келіп, ертеде қайтыс болған. Анамның айтуынша, үйдегі он бірінші бала екенмін. Содан қалғаны төртеуміз. Әкеміз жасында бейнетті көп көрді. Сырқаты меңдеп, үш рет ота жасатқан. Соған қарамастан тілрілігін тоқтатқан жоқ. Аудан орталығында тұрсақ та үш құлынды бие ұстадық. Өте таза, киімге қатты көңіл бөлетін. Үстінде плащ. Аяқ киімі жылтырап, үнемі қара қалпақпен жүретін… Қыста бөрік. Бұйра жағалы пальтосын іліп алады. Әлі есімде ол кезде алты жаста болатынмын. Жалдамадан Шилі кеңшарына қоныс аудардық. Асқарбек, Сейсенбайлармен осы ауылда танысып, дос болып кеттік. Асқарбекпен бірге Алматыда қатар оқыдық», – деп еске алады кейіпкеріміз.

Үлкен ағасы Қайырғали сол кезден еңбекке араласа бастайды. Отбасын құрады.

«Әкеміз үкіметтің шектеуіне қарамастан үйірімен жылқы, қара мал, құс өсіре бастайды. Оған ұйытқы болған – үлкен ағамыз Қайырғали. Еңбекқор кісі болатын. Үшінші дәрежелі еңбек даңқы орденімен, ерлігі үшін медалімен марапатталған. Кейін кеңшар директоры өзіне жолсерік қылып алды. Осының бәрі тұрмысымыздың жақсаруына ерекше әсер етті. Әкем-анам көрші ауыл жаққа жиі баратын. Сөйтсек, кейін білдік… Әлмағамбет молдадан дәріс алып, дінге бетбұрыс жасаған ниетіне тәнті болдық. Биыл Жайлаубай ата мешітінде аруақтарға құран бағыштадық. Сонда баласы Сұлташ: «менің әкем сіздің үйге қымыз ішуге жиі баратын еді. Жақсы кісі деп отыратын», – деп еске алып жатыр. Осы сөздері көңілге медеу болып, үлкен әсер қалдырды. Көз көрген ағамыздың әкесінің айтқаны. Ата-анама берген бағасы деп түсіндім», – деп сөзін жалғады Кенжеғали Сәденұлы.

Үлкен ақсақалдар әңгімесін айтарда: «Мән беріп тыңда, есіңде қалсын!» деп отыратыны бар.

«Осының бәрін қазір балаларымызға айтып отыратын жасқа жеттік», – деп күлді ағамыз, – Бір күні таңертеңгі аста әкеміз: «біз Қызбелге көшеміз!» десін. Он үш жыл сіңіп кеткен бізге түсініксіз болды. Қызбелге көшіп барғанан келер жылы, алпыс алты жасында өмірден өтті. Туған жердің топырағы бұйырған екен жарықтық. Ылғи жинап алып: «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, жаманшылық жасамаңдар, еңбек етіңдер, оқыңдар», – дейтін. Екі ағама мені тапсырып кетіпті. Өкініштісі отбасын құрғанымды көре алмағаны», – деп бір тоқтады.

Анасы Нұрсұлу бай тұқымынан шыққан. Руы өтей. Арғы атасы Толтай Ағытай әулетінен. Өз атасы Ержан белгілі ұстаз болыпты. Заманында Манаш Қозыбаевпен етене дос болған Батырхан Шалғымбеков осы кісінің немересі болып келеді. Батырхан Шалғымбеков жайлы ел аузында әңгіме көп.

Анасы өр мінезді кісі болғанын еске алған ағамыз нағашысы жөнінде мына бір оқиғаның сырын ақтара кетті.

«Анамыз ортада ерекше көрінетін өр мінезді кісі еді. Жетпіс екі жасында өмірден өтіп, ол да немерелерін көре алмай кетті. Анамның бауыры Батырхан Шалғымбеков көрнекті тұлға болған. Манаш Қозыбаевпен қатты сыйласқан. Кезінде Ғафу Қайырбеков осы кісіге арнап, «Қызгер поэмасын шығарды. Бірде балалары Батырхан нағашымызға ас берді. Сонда бір апамыз ол кісі жайлы: «Манаш Қозыбаевтың қарындасы болып келемін. Оқу бітіріп, Қостанайға жолдама алдым. Үлкен ағамыз Оразалы обкомда істейтін. Давыденов ауылындағы Батырхан ағайға жіберді. Сонда ағай мектеп директоры еді. Ол жерде екі жыл еңбек етіп, кейін тұрмысқа шығатын болдым. Ағаларымнан рұқсат сұрай барсам, алдымен Батырхан ағайдың алдынан өтуімді сұрады. Арадағы сыйластықтарына басымды идім», – деп залды тебірендіргені бар. Міне, нағашым осындай сүйегі асыл жан еді», – деді ағамыз.

Әлгінде айтқан үлкен ағасы сексен бір жасында өмірден озыпты. Артында ұрпақтары бар. Жеңгелері ертеректе дүние салған. Жалғыз апалары Зағиша қазір сексен үште, Қостанайда тұрады. Жезделері Балтабай Қазиев тоқсан жеті жасында өмірден өткен. Ортаншы ағасы Әбдіғали Қарағанды педагогикалық институтын бітірген. Мектеп директоры, партия ұйымының хатшысы секілді қызметтерді атқарған. Зейнеткерлікке шыққанша Қостанайдағы Міржақып Дулатов университетінің проректоры болды. Балалары әртүрлі салада еңбек етеді. Бір баласы – облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Ағамыздың өз өмір жолы да бір жанға сабақ боларлық екен. Диқаншылықтың үлкен мектебінен өткен. Сонау балалық шағы өткен Шиліден орта мектепті аяқтаған ол Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына түседі. Бітере сала Юбилейныйдің үшінші егіс бригадасына агроном болып орналасты.

«Біз істеген сол бригададан Бидайық кеңшары құрылды. Сонда отбасылы болып, өмірге екі бала келді. Жолдасым мұғалима. Сексен жетінші жылға дейін осы егіс бригадасында агроном болып жұмыс істедім. Тұрсынбай деген бригада ол кезде он алты мың гектар жер септі. Кейін қырық бес мың гектарға дейін ұлғайды», – дейді өткенге шома түсіп.

Кеңшар директоры Қалап Қанафин бастаған, Шөптібай Ғабдуалиев (бас агроном), Бақыт Балғынбаев (инженер), Әміртай Қазиқанов (прораб), Сұлтанғали Бектауов (бухгалтер), Сағындық Әмірұлы сынды азаматтармен қоян- қолтық еңбек етеді.

«Осы кісілерден үлкен тәрбие алдық. Тұрсынбайдың басшысы болған Қуаныш Қасымов соңғы Торғайдың кавалер орденін алған азамат. Сол кісінің мен келгенде үшінші дәрежелі ордені бар екен. Екінші-бірінші дәрежелі орденін алғанша бірге жұмыс істедім. Кеңшардан бригадамыз қырық шақырым жерде орналасқан», – деп өрбітті әңгімесін.

Ең алғаш кеңшар құрылған жылы бұлар бригада басында тұрды. Жұмысшы, мамандары бар қаз-қатар орналасқан жатақханаларға тұрақтады.

Келер жылдың жазына аяқ басқан сәт. Бригада басындағылар егін себуге дайындалып жатты. Облыстан басшы келе жатыр деген хабар жетті. Тура айтқандай бригада басына аялдаған мейманды аудан басшылары арқа-жарқа күтіп алды. Ол сол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Іргебай Ақсақаловтың өзі еді. Егіс басына келіп:

«Ылғал қалай екен, байқап көрелік?!», – дегені сол елгезек жас маман қолына күрек, өлшеуішін алып іске кіріседі.

«Жоқ, тоқта, сен қазбайсың!», – деді кеңшардың жаңа директоры Қалап Қанафинді нұсқап:

«Кеңшарға басшы болып жаңадан келіп жатырсың. Мамандығың агроном емес, инженер екен. Техниканың сырын білуің мүмкін, диқаншылықтан әзірге бейхабарсың. Бүгіннен бастап үйрене бер. Ертең осы мамандарға нұсқау беретін боласың», – деді облыстан келген өкіл.

Бұл ұлағатты сөз ұжымға үлкен серпін берді. Құтты бригадаға айналып, алдыңғы қатарлы өнім бере бастады.

Содан бригададағы қарапайым маманнан ауданға бас агрноном болып қызметке ауысады. Торғайда қызметпен қатар Таңатқан, Мәлік, Тоқтауыл сынды азаматтармен жақын араласты. Ол уақытта ауданда агропром мекемесі болатын. Басшысы елге танымал азамат – Мақсұт Шәйкемелов мұны екі жылдан кейін Шилі кеңшарына бас маман қылып жібереді.

«Сол жолы аудан басшысы Жақан Қосабайұлы жүйеге өзгеріс енгізді. Бірінші болып бізге тары ектірді. Тарымыз ойлағаннан да бітік шығып, егін орағы басталарда қолымызды келіп алғаны бар. Директорымыз Мұхамеджан Спабековтен бір кісідей қызмет атқарған Мұрат Ерғасымов, Серік Байтұрсынов бәріміз мақтау естідік. Бірден мені Бидайық кеңшарына бас агроном қылып алып кетті. Сонда жүріп, гектарына жиырма бес центнерден астық алғанымыз кешегі күндей жадымда сайрап жатыр. Сонда ең бірінші жақын араласқан адамым Батырбек Ахметов еді. Екеуміз де ол кезде қарапайым маманбыз. Біреуміз машдвор, біреуміз агроном едік», – деп тебіренеді ағамыз.

Кейін екеуі екі кеңшардың тізгінін ұстады. Қостанайға қоныс аударды. Рудный қаласында конкурстық басқарушы қызметін бірге алып жүрді. Қостанайдың іргесіндегі Заречный ауылының шаруашылығынан жылқы зауыты бөлініп, басшысының орынбасар болып орналасты. Жангелдин, Ұзынкөл, Алтынсарин аудандарында Аумақтық инспекция бөлімдерін басқарды.

«Қарап отырсам, аумақтық инспекция саласында жиырма жылым өтіпті. Облыстық инспекция басшысы Болат Мейірманов ағамыздың ерекше қамқорлығын көрдік. Торғайдан Ұзынкөлге ауысқанда жатсынғаным рас. Келе-келе ол жаққа да үйрендік. Сырттан барған азаматтар бауырын көргендей мәз болып қаламыз. Аудан әкімі Амантай Сейфуллин ілтипаттық танытты. Қиналғанда демеп отыратын. Ауылдасым Бақытжанмен сол жерде қайта табыстық. Кейін Алтынсарин ауданына қызмет ауыстырып, Асқарбек, Қойшығара, Ғалым, Ақансері секілді азаматтармен құдай қайта жолықтырды. Әлі күнге бұл азаматтармен жұбымыз жазылмай – бір отбасыдай аралас-құраласпыз», – дейді ағамыз.

Жолдасы Зәуреш Қасымова екеуі қырық жылдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатыр. Әсел, Әсет есімді балаларынан немерелері бар. Қыздары Әсел Астана қаласында. Әсет Қостанайда бизнес саласында еңбек етеді.

«Ғұмыр дерек бір дастан, достарыңмен бірге аттан», деген қағиданы берік ұстанған ағамызға Алла Тағала зор денсаулық, ғұмыр берсін!

Айбек ЖҮЗБАЙ,

Суретті түсірген Ернұр Иманғалиев