Ел болашағы – әр азаматтың таңдауында

Ел болашағы – әр азаматтың таңдауында

Кез келген мемлекеттің тарихында елдің ертеңін айқындайтын ерекше кезеңдер болады. Мұндай сәттерде қоғамның бірлігі, халықтың азаматтық белсенділігі айқын көрінеді.

Алдағы 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияға қатысты референдум – дәл осындай маңызды кезеңдердің бірі. Бұл – тек саяси науқан емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи шешім.

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ол елдің құқықтық жүйесінің іргетасы ғана емес, қоғам өмірінің басты қағидаттарын белгілейтін маңызды құжат. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттің жауапкершілігі, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі – мұның бәрі Конституцияда көрініс табады. Сондықтан негізгі заңға енгізілетін кез келген өзгеріс ел өміріне тікелей әсер етеді.

Қазақ халқы үшін елдің бірлігі мен тұтастығы әрқашан басты құндылық болып келген. Тарихымызға көз жүгіртсек, халқымыздың талай сыннан сүрінбей өтуіне себеп болған күш – сол бірлік еді. Қандай қиын кезең болмасын, жұрт болып жұмылып, ортақ мүдде жолында бірге әрекет еткенде ғана алға басқанымыз белгілі. Бүгінгі таңда да елдің тұрақтылығы мен дамуы сол ынтымақ пен өзара түсіністікке байланысты.

Сондықтан жаңа Конституцияға қатысты референдум – жай ғана рәсім емес, халықтың өз тағдырына өзі жауап беретінін көрсететін маңызды қадам. Бұл – азаматтардың мемлекет өміріне тікелей қатысуының айқын көрінісі. Әр дауыс – елдің ертеңіне қосылған үлес.

Мен AMANAT партиясының мүшесі ретінде, сондай- ақ, алтыншы және жетінші шақырылымда Жангелдин аудандық мәслихат депутаты болып қызмет атқарған азаматша ретінде халықтың көңіл-күйін, қоғамдағы түрлі пікірлерді жиі естимін. Адамдарды толғандыратын мәселе көп. Бірақ көпшіліктің ойы бір жерден шығады: елімізде әділет үстемдік құрған, заң бәріне бірдей қызмет ететін, болашаққа сеніммен қарайтын қоғам болғанын қалайды.

Конституциялық өзгерістердің мәні де – осы мақсаттарға жақындай түсу. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту, заң үстемдігін күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау – бүгінгі реформалардың негізгі бағыты. Сондықтан бұл үдерістерге бейжай қарау дұрыс емес. Өйткені ел тағдырына қатысты шешім қабылданатын кезде халықтың белсенділігі ерекше маңызға ие.

Референдум – әр азаматқа берілген үлкен мүмкіндік. Бұл күні әрқайсымыз өз дауысымыз арқылы еліміздің болашағына ықпал ете аламыз. Демек, мұндай маңызды сәтте шетте қалмай, азаматтық ұстанымымызды білдіру – ортақ жауапкершілік.

Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Халық болып ортақ шешім қабылдаудың мәні де осында. Референдум – дәл сондай кеңесіп, ақылдасып, елдің болашағына бірге жауап беру жолы.

Сондықтан барша жерлестерімді 15 наурыз күні өтетін референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын. Бұл – тек бір күндік саяси шара емес, мемлекетіміздің ертеңіне әсер ететін маңызды қадам.

Еліміздің ең үлкен байлығы – бірлік пен тұрақтылық. Осы құндылықтарды сақтай отырып, Қазақстанның болашағын бірге қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ал ел болашағы әр азаматтың таңдауынан басталады.

 

Гүлім ЫСМАҒҰЛ,

журналист

 

Жангелдин ауданы