15 наурызда елімізде өтетін республикалық референдум күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы «Референдум – 2026» онлайн марафонын ұйымдастырады.
Марафон сағат 09:00-ден түнгі 00:15-ке дейін жалғасады.
Наурызнама онкүндігі аясында өтетін шарада қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, инновациялық бастамалар таныстырылады.
Іс-шараға саяси қайраткерлер, қоғамға танымал азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, стартаперлер, блогерлер мен өнер жұлдыздары қатысады. Бағдарлама барысында отандық өнертапқыштар жасаған роботтар жүргізушілерге көмектесіп, голограмма технологиясы арқылы еліміздің соңғы жылдардағы жетістіктері шежіресі ұсынылады.
Марафон аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Негізгі сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Ток-шоу алаңында креатив индустрия, білім беру, цифрландыру үдерістері мен жасанды интеллектінің дамуы секілді өзекті мәселелер талқыланады. Инновация алаңында ұлттық стартаптар мен жаңа өнертабыстар таныстырылады.
«Референдум – 2026» республикалық және аймақтық телеарналардың эфирінде, сондай-ақ отандық БАҚ-тың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей трансляцияланады.
