Құтырма қаупі: шектеу бар, шешім бар ма? Фото: egemen.kz

Құтырма қаупі: шектеу бар, шешім бар ма?

Бұрын түлкі итті көрсе қашатын еді. Қазір керісінше иттің түлкіден жанұшырып қашқанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Тіпті қанден, күшіктерді жеп кеткенін де естідік. Елді мекендерге кіріп, көшеде еркін сайрандап жүргеніне таң қалуды қойдық.

Ашық-шашық ауылды былай қойғанда, көлігі ағылып, қалың нөпір тұрғындары сабылып жататын қалаға да кіре беретін болды. Тек түлкі ғана емес, сілеусін, қарсақ, қоян, басқа да жабайы жануарлар бұрынғыдай адамнан, адам тұратын жерден бойын аулақ салуды қойды. Бір қарағанда мұның бәрі қызық көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында бұл соңы үлкен қатерге соқтыруы мүмкін қауіпті құбылыс. Себебі даладағы жабайы аң үйдегі мал сияқты ветеринарлық тексерістен өтпейді. Вакцина егілмейді. Сондықтан түрлі жұқпалы ауру таратады. Соның ішінде ең қауіптісі – құтырма індеті.

Құтырма – адамдар мен жануарларға ортақ жедел вирустық жұқпалы ауру, вакцинациясыз тек өліммен аяқталады. Жыл сайын әлемде бұл аурудан 300 мыңға жуық адам және миллионға жуық жануар өледі. Барлық сүтқоректілер, тіпті құстар да құтырманы жұқтыруы мүмкін. Адамдар ауру жануарлардың тістеуінен немесе тырнауынан жұқтырады. Яғни, дереу вакцина салып, алдын алмаса құтырма ауруынан айығу мүмкін емес. Оны жұқтырған адам да, жануар да қатты азап шегіп, аз күнде өмірімен қош айтысады. Биыл екі ай ішінде Қостанай облысында құтыру дертінің үш ошағы анықталған. Аса қауіпті індет Қарабалық, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында тіркеліпті. Ал былтыр дәл осы уақытта бір ошақ қана анықталған еді. Бұл құтырманың көбейіп бара жатқанын көрсетеді.

2025 жылы Қостанай облысында құтырма дертін жұқтыру күдігі бойынша 25 жағдай тіркелген. Тексере келгенде 10 жағдайда құтырма ауруы жұққаны расталды. Ең қорқыныштысы, соның шінде қауіпті індетке бір адам да шалдыққан болып шықты. Ешкім өз өмірін саналы түрде қатерге тікпейді. Бірақ түлкі-қарсақтың ауылдарды жайбарақат кезуі тоқтамаса, қауіп күшейе береді.

Жабайы жануарлар арасында жұқпалы індет қандай жағдайда көбейеді? Біріншіден, олардың саны шектен тыс көбейгенде. Далаға сыймай қалаға кіріп кетуінің де бір себебі осы болар деп топшылаймыз. Көлікпен сапарға шыққанда тас жолдың бойында да түлкі өріп жүргенін байқаймыз. Қашпайды. Тіпті көлікке соғылып жол бойы жайрап жатады. Неге қорықпайды? Себебі адамнан өзіне қауіп жоқ екеніне бойы үйренген. Қазір түз тағысын рұқсатсыз ауласаң жазаланасың. Тіпті ауылға кіріп кетсе де өлтіруге болмайды. Осылайша жағалай тыйым мен табиғатқа деген әсіре жанашырлық айналып келгенде адам баласы үшін үлкен қатерге айналып барады. Бұл енді өзіміздің байқап-бағамдауымыздан шыққан болжам. Ал мамандар не дер екен? Мәселенің мән-жайын жан-жануарға қатысы бар-ау деген мекемелерден білуге тырыстық.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасындағылар жабайы аңдардың елді мекендерге кіріп кетуі жиілеуіне бірнеше себеп болуы мүмкін дейді. Ауыл шаруашылығы алқаптарының ұлғаюынан табиғи мекені тарылуы, азық тапшылығы, климаттық өзгерістер. Бірақ мұның бәрі болжам. Яғни, нақты себебін мамандар да зерттеп, анықтап, нақты тұжырым жасамаған. Ал облыстық ветеринариялық инпекция басшысы Берікжан Қайыпбай бұл жайттың бір себебі жабайы аңдардың кейбір түрлерінің шектен тыс көбеюінде жатқанын жоққа шығармайды.

Тағы да табиғи ресурстарды пайдалануды реттейтін басқарманың дерегіне тоқталайық.

«Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес жабайы жануарлардың санын реттеу ісі тұрғындар денсаулығын қорғау, ауылшаруашылығы және үй жануарларының індетке шалдығуының алын алу, экономикаға нұқсан келтіруге жол бермеу, биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүзеге асады», – деп жазылыпты бізге жолдаған ресми жауаптарында.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы бұйрығымен «Саны реттеліп отыруға тиіс жануарлардың тізімі» де бекітіліпті. Бұл тізімге сүтқоректілерден қасқыр, қорқау, киік, құстардан: қарға, үлкен суқұзғын, судағы тірішіліктен: жыланбалық енген. Түлкі туралы түк те жоқ.

Әйткенмен саны реттелетіндердің ішінде болмаса да аңшылыққа ауланатын жануарлардың қатарында түлкі бар. Осыған байланысты былтыр бір жыл ішінде 8 664 түлкіні аулауға лимит беріліпті. Бірақ ауланған түлкі саны 219 ғана. Яғни өте аз. Тиісті мөлшердің 3 пайызына да жетпейді. Түлкі ішік пен түлкі тымақ сәннен қалғалы қашан. Тіпті терісін алатын орындар да жоқ. Сондықтан аңшылар үшін түлкі аулау пайдасыз әрі еш мәнсіз нәрсеге айналып тұр.

Сонымен тиісті орындардың жауабынан байқағанымыз, құтырма тәрізді қауіпті індеттің таралуына бірден-бір себепші болуы мүмкін түлкінің популияциясын бақылап, зерттеп жатқандар жоқ. Әйтеуір ауылға кіргенін көріп, ұстаса вакцина егіп жібереді. Жүрген жері зарарсыздандырылады. Болды. Енді жабайы аңдардан тарайтын індеттен қорғанудың жалғыз амалы қалып отыр. Ол – төрт түлікке екпе салу. Қостанай облысында үй жануарларына аса қауіпті деген 12 індетке қарсы екпе жүргізіледі. Соның ішінде биыл құтырмаға қарсы екпе екі есе көбейіп, 400 мың дозаға жетті. Яғни, аймақтағы түліктің 80 пайызына вакцина салынады.

Мұның сыртында адамзат әлдеқашан жабайы аңдарды вакциналаудың да жолын тапқан. Бұл тәсіл Қостанай облысында да қолданылады екен. Ол үшін жүгірген аң иісін алыстан сезетін және тәбетін ашып шақыратын азық түріндегі брикеттер дайындалады. Әрине, құрамында вакцина бар. Міне, биыл құтырмаға қарсы вакциналау үшін осындай брикеттердің 230 мың дозасы сатып алынған. Оны жабайы аңдар жеуі үшін жүретін сүрлеуіне тастайды. Бірақ оны қанша түлкі-қарсақ жеп құтырмаға қарсы иммунитетін күшейтіп жатқаны тағы беймәлім. Далаға тасталған препараттың әсерінің жақсы болуы ауа райына да байланысты. Қатты ыстық пен суық, жоғары ылғал оның қасиетін тез жояды. Сөйтіп қып-қызыл ақшаға келген дүние зая кетуі де мүмкін.

Мамандар «түз тағысының елді мекенге кіргенін байқаған тұрғындар бірден жергілікті әкімдіктерге немесе ветеринар мамандарға хабарласуы керек» дейді. Бұл жедел түрде қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір аймақтағы эпизотикалық тұрақтылықты сақтау үшін бірқатар шектеу шаралары енгізілген.

«Індет солтүстіктегі көрші елден келіп жатыр. Сондықтан шекараны жаптық. Малды да орнынан қозғауға шектеу қойдық. Сол шектеулер арқылы эпизотикалық жағдайды тұрақты ұстап отырмыз. Халық бұған түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытып, ветеринар мамандардың айтқанын орындауы керек»,дейді облыстық ветеринариялық инпекцияның басшысы Берікжан Қайыпбай.

Құтырмаға нақты диагноз қою үшін өлген жануардың миына зертханалық тексеру жүргізу қажет. Мұндай зертхана облыс орталығында бар және диагноз екі тәулік ішінде анықталады. Дегенмен құтыруды жан-жануардың әрекетіне қарап та аңғаруға болады. Оларға ортақ белгілер: себепсіз өте агрессивті болуы, аузынан сілекей ағуы.

 АНЫҚТАМА ҮШІН: Адамдарда жан-жануардың тісі тиген сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі кезең 7 күннен 1 жылға дейін созылады және тіс салған жарақаттың ауырлығына, орнына, сілекейдің массивтілігіне байланысты. Ең қысқа инкубациялық кезең бет, бас, мойын жарақаттанғанда байқалады. Адам ауруының алғашқы белгілері: денесі тоқтаусыз қышуы, жарақатты ауырсыну, зақымдану орнына жақын жүйке талшықтарының ауыруы. Дене температурасының жоғарылауы, сағыныш, себепсіз қорқыныш, үрей пайда болуы, дыбыс пен жарықтан тітіркену. Негізгі белгі – гидрофобия, яғни, су ішуге тырысқанда жұтқыншақ пен көмей бұлшықеттерінің ауыруы, бет бұлшықеттерінің конвульсиялық жиырылуы пайда болады. Осы кезеңде сілекейдің көп бөлінуі байқалады. Ауру тек өліммен аяқталады!

Материалды дайындау барысында байқағанымыз жауапты орындардың індеттің алдын алу үшін іске асырып жатқан әрекеті әзірге тек вакциналау мен шектеуден аспай тұр. Ал осы құтырманың таралуына негізгі себепші жабайы жануарлардың популияциясы, елді мекендерге кіруінің көбеюі — зерттеліп, анықталмаған және ондай жұмысты жүргізу туралы жоспар да жоқ. Құзырлы орындардың назарынан тыс қалған. Ауланбағасын түз тағысының адам алдындағы қорқыныш түйсігі (инстинкт) азаяды немесе мүлде жойылады. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Киікті аулауды да созбаққа салудың соңы мыңдаған гектар егістік, шабындық пен жайылым тапталып, ақ тақырға айналып, ауылшаруашылығының шаш-етек шығынға батуына алып келген еді. Еш кедергісіз көбейіп, далаға сыймаған түлкінің қалада сайрандауына тоқтау салудың жалғыз жолы оның санын реттеу. Ал вакциналау мен шектеу шаралары мәселені түбегейлі шешуі неғайбыл.

Дәуренбек ӘБДІБЕК