23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында әрбір азаматтың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін заңнамада арнайы тетіктер қарастырылған. Солардың бірі – сайлаушының тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастыру.
Егер азамат денсаулық жағдайына байланысты, сырқат отбасы мүшесіне күтім жасау себебінен немесе сайлау учаскелері құрылмаған шалғай әрі қатынауы қиын елді мекенде болғандықтан сайлау учаскесіне келе алмаса, ол тұрған жерінде дауыс бере алады.
Бұл үшін сайлаушы учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беруі қажет. Өтініш дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ге дейін қабылданады. Осыдан кейін учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының тұрған жеріне барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
Бұл мүмкіндік азаматтардың денсаулық жағдайына немесе өзге де объективті себептерге қарамастан, конституциялық сайлау құқығын толық көлемде жүзеге асыруына бағытталған.
Сайлау комиссиялары барлық рәсімдердің заң талаптарына сәйкес, дауыс берудің құпиялылығы мен еркіндігін сақтай отырып ұйымдастырылатынын атап өтеді.
