Жауапкершілік жасқа қарамайды

Жауапкершілік жасқа қарамайды

Өңірде Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Сайлау учаскелерінің мүшелері тұрғындарға дауыс беру күні мен тәртібі туралы ақпарат жеткізіп, азаматтарды маңызды саяси науқанға қатысуға шақыруда.

Осындай игі істің бірі – Маудановтар отбасында жалғасты. №20 сайлау учаскесінің мүшесі Қанат Ражанов Фазылхан ақсақал мен Биғанша апаның үйіне арнайы барып, Құрылтай сайлауына шақыру билетін өз қолына табыстады. Бұл – жасы үлкен ата-әжеге көрсетілген құрмет қана емес, олардың дауысы мен азаматтық ұстанымының маңызды екенін білдіреді.

Ақсақал– құрметті пошташы. Кезінде талай үйге хат-хабар жеткізіп, елмен етене араласқан ол бүгінде де қоғам өмірінен қол үзген емес. Жасы ұлғайғанына қарамастан, сайлаудан қалмай, азаматтық белсенділігін танытып келеді. Қолына шақыру билетін алған қария алғыс айтып, алдағы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтты.

«Мен өмірімде талай сайлауды көрдім. Бірде-бірінен қалмауға тырыстым. Себебі сайлау – ел болашағына деген өз көзқарасыңды білдіретін күн. Жасым ұлғайғанымен, елдің ертеңіне алаңдаймын. Сондықтан Құрылтай сайлауында да өз таңдауымды жасаймын, – дейді ақсақал.

Оның пікірінше, бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің түпкі мақсаты – елдің тұрақты дамуы.

«Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген қағидаттың маңызы зор. Президент елдің негізгі бағытын айқындаса, Парламент халықтың үнін жеткізіп, маңызды заңдарды қабылдайды. Ал Үкімет атқарған жұмысы үшін жауап беруі керек. Әрқайсысы өз міндетін адал атқарса, елдің дамуына жол ашылады», – дейді 87 жастағы қария.

Сайлау учаскесінің мүшесі үшін де бұл кездесу ерекше маңызға ие болды. Қарияға шақыру билетін табыстау барысында сайлауға қатысу тәртібі түсіндіріліп, дауыс беру күні туралы ақпарат берілді.

Егде тартқан  азаматтарға арнайы барып, қажетті ақпаратты жеткізу сайлау процесінің ашық әрі қолжетімді болуына ықпал етеді.

«Біздің ата-бабаларымыз талай кезеңді бастан өткерді. Қазір елдің болашағына жауап беретін жастар да өсіп келеді. Мен оларға үнемі «елге бейжай қарамаңдар» деп айтамын. Сайлауға қатысу да – елге деген жауапкершіліктің бір көрінісі. Өз таңдауымызды жасауымыз керек. Жас ұлғайды деп ел алдындағы жауапкершілік азаймайды. Ел барда, азаматтың дауысы бар», – дейді Фазылхан ата.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Василий Васильев