Дәрігер болу – жүрек таңдауы

Дәрігер болу – жүрек таңдауы

Жыл сайын 21 маусым күні елімізде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын қорғауды өз өмірінің мәніне айналдырған жандарға көрсетілетін құрмет. Осындай ақ халатты абзал азаматтардың бірі – балалар травматолог-ортопеді Жагапаров Санжар Маратұлы.
Санжар Маратұлының медицинаға келуі кездейсоқ емес. Оның ата-анасы да дәрігер болғандықтан, балалық шағы медицинамен тығыз байланыста өтті. Ол ата-анасының жұмыс орнында жиі болып, дәрігер мамандығының жауапкершілігі мен маңызын ерте жастан түсініп өсті.

– Ата-анамның екеуі де дәрігер болды. Бүкіл балалық шағым медицинамен байланысты өтті. Олардың жұмысын көріп өстім. Адамдарға қажет болу, көмек көрсету мені осы мамандыққа жетеледі, – дейді дәрігер.

Медициналық институтты аяқтаған соң, ол хирург мамандығын таңдап, бір жыл осы салада еңбек етеді. Кейін травматолог дәрігерлер Евгений Михайлович Курышев пен Дмитрий Владимирович Герасимовтың жұмысын көріп, осы бағытқа қызығушылығы артады. Уақыт өте келе олар Санжар Маратұлының кәсіби ұстаздары мен тәлімгерлеріне айналды.

Бүгінде оның еңбек өтілі 24 жылға жуық. Осы уақыт ішінде ол мыңдаған балаға көмек көрсетіп, олардың денсаулығын қалпына келтіруге өз үлесін қосты. Дәрігердің айтуынша, мамандықтағы ең үлкен марапат – науқастың сауығып кетуі.

– Науқастың жазылып, қалыпты өміріне қайта оралғанын көру – дәрігер үшін ең үлкен бақыт. Оның сауығуына өз еңбегіңнің үлесі бар екенін сезіну ерекше қуаныш сыйлайды, – дейді ол.

Тәжірибелі маманның айтуынша, соңғы жиырма жылда травматология мен ортопедия саласы айтарлықтай дамыған. Қазіргі таңда көптеген операциялар мен емдеу шаралары аз инвазиялық әдістер арқылы жүзеге асырылады. Заманауи диагностикалық құрылғылар, соның ішінде компьютерлік томография мен электронды-оптикалық түрлендіргіштер диагнозды жылдам әрі нақты қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар дәрігер жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға да тоқталды. Оның пікірінше, кей жағдайда науқастардың ата-аналары тарапынан түсініспеушілік пен орынсыз талаптар кездеседі. Сондықтан қоғам дәрігер ең алдымен қызмет көрсетуші емес, көмек көрсетуші маман екенін түсінгені маңызды.

– Адамдар біздің қызмет емес, көмек көрсететінімізді ұмытпаса екен деймін, – дейді Санжар Маратұлы.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ол әріптестеріне ізгі тілегін білдіріп, дәрігер мамандығының қоғамдағы беделі арта түссе деген ниетін жеткізді.

Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Санжар Маратұлы секілді өз ісіне адал дәрігерлердің арқасында талай баланың денсаулығы жақсарып, болашаққа деген сенімі нығайып келеді. Сондықтан Медицина қызметкерлері күні – дәрігерлердің еңбегіне алғыс айтатын бүкіл қоғамның мерекесі.

Ділназ Айтуарова