Жақында Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында дәстүрлі өнер сүйер қауым үшін айтулы оқиға орын алды. Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ли Марк және Марксов Мэлстің «Жастық пен күй үні» атты шығармашылық концерті жоғары деңгейде өтті. Жас та болса өнер айдынында өз қолтаңбаларын қалдырып үлгерген қос дарынның бұл кеші көрерменге рухани азық сыйлады.
Кеш барысында қазақтың қасиетті қара домбырасының үні күмбірлеп, ұлттық күй өнерінің озық үлгілері орындалды. Сахна төрінде қос күйшінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Мұрат Хамитовтың еңбегі ерекше аталып өтті. Шәкірттерінің өнеріне тәнті болған көрермендер әр шығарманы ыстық ықыласпен, толастамас шапалақпен қарсы алды.
Концерттің көркін қыздырған арнайы кеш қонақтары да іс-шараның деңгейін асқақтата түсті. Кеште Талғат Молдағалиев, Ыбырай Есжанов, Алуа Мусапирова сынды белгілі өнерпаздар мен «ARDA» ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар, Аслан Утебаевтың дирижерлігімен Н. Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуі кешке ерекше қуат пен тереңдік дарытты. Қос жас дарынның ұлттық мұраны ұлықтаған бұл кеші Қостанай жұртшылығының есінде ұзақ сақталары анық.
Айша Сейтқан
