Цифрлық дәуірдің талабы – ұлттық контентті дамыту. Ақпараттық технологиялар қарқын алып, жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына терең бойлап барады. Әлем елдері дәстүрлі салалармен қатар, креативті индустрияны экономиканың маңызды бір тармағына айналдырып үлгерді.
Осындай жаһандық бетбұрыс кезеңінде ұлттық цифрлық контентті қалыптастыру мен нығайту – жай ғана мәдени бастама емес. Бұл – еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін, сандық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін әрі халықаралық цифрлық монополияларға қарсы тұратын стратегиялық қадам.
Президент Қ.Тоқаев: «Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі» деп атап өткен болатын.
Расында жаңа заманның сын-қатерлеріне дер кезінде үн қатып, әлемдік технологиялық үдерістердің көшінен қалмау – үлкен жауапкершілік пен жедел трансформациялық реформаларды қажет етеді. Бұл бағытта әр салада түрлі деңгейде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бір парасы ұлттық телекоммуникация операторы – «Қазақтелеком» компаниясына тиесілі. Әсіресе, отандық цифрлық платформаны дамыту, медиакеңістіктегі қазақша контенттің үлес салмағын арттыру, елдің киноөндірісін қолдау, білім беру платформасы арқылы қала мен ауыл оқушылары арасындағы алшақтықты қысқартып, жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді ауқымды жобалар еліміздің ең ірі телеком-операторының еншісіне тиіп отыр.
Қазақша контент – уақыт талабы
Мемлекеттің креативті индустрияны дамытудағы маңызды бір бағыты – қазақ тіліндегі сапалы дубляж өндірісін өрістету. Көркем фильмдер мен мультфильмдердің, телесериалдар мен анимациялық жобалардың қазақша сөйлеуі – тілдік ортаны кеңейтіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи формада жеткізуге септеседі, шетелдік туындыларды жергілікті көрерменге «ұлттық көзқарас призмасы» арқылы беруге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға, оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет екенін айтып жүр.
Бұл орайда TV+ жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аталған платформадағы қазақ тілінде дубляждалған мультфильмдер мен фильмдердің саны күн санап артып келеді. Қазақша дыбысталған дайын өнімдерді айтпағанда, ұлттық оператор отандық дубляж ісіне өзі де қомақты үлес қосып отыр. Мәселен, TV+ аясында алғаш рет Walt Disney студиясының танымал фильмдері мен анимациялық картиналары қазақ тілінде дыбысталып, көрерменге қосымша ақысыз ұсынылғанын атай кеткен жөн. Бұл – әлемдік студия өнімдерінің қазақша нұсқалары халыққа жүйелі түрде жеткізілген тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы тәжірибе.
Қазіргі таңда платформада Disney-дің қазақша дубляждалған 60 фильмі бар болса, жыл соңына дейін 87-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Disney-дің қазақша дубляжы – тек мәдени оқиға емес. Бұл, сонымен қатар – идеология. Ұрпақтың бойына туған тілдің қадірін сіңіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін қадам. Бүгінгі балалар «Арыстан патшаны» қазақша көріп өссе, ертеңгі күні қазақ тілін өз өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды. Міне, осындай жобалардың арқасында ана тіліміз шын мәнінде қоғамды біріктіретін күшке айналады.
«Біз фильм ғана көрсетпейміз, біз армандар мен құндылықтарға жол ашамыз. Әр бала өз тілінің, өз дауысының, өз болашағының маңызын сезінуі керек» дейді онлайн платформа өкілдері. Бұл – тіл саясатының да, мәдениетіміздің де басты ұстанымымен үндесіп жатқан ой. Тілдің болашағы экранда, цифрлық кеңістікте барынша көрініс табуы тиіс.
TV+ деректеріне сенсек, биыл ең көп қаралған ТОП 100 тайтлдың 44-і қазақ тілінде, ал олардың жиынтық көрермен саны 416 мың бірегей қаралымға жетті. Бұл көрсеткіш – қазақ тіліндегі контент үшін тарихи рекорд. Демек, олар ұсынып отырған қазақ тіліндегі сапалы контент қоғамдық сұранысқа да толық жауап беретінін көрсетеді.
Басты мақсат – цифрлық теңсіздікті жою
Қазақстанның жаңа дәуірі – білім мен технологияның тоғысқан тұсы. Заманауи өзгерістер отандық білім беру саласына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. «Қазақтелекомның» бұл бағытта да уақыт талабын тап басып, алдыңғылардың бірі болып трансформацияға ұмтылысын байқаймыз. Атап айтқанда, бұл жоба тек киноконтентпен шектеліп қалмай, білім беру бағытындағы мазмұнға ден қоя бастағаны қуантады.
Мәселен, mektep-online.kz бірлескен жобасы – осы стратегиялық міндетті жүзеге асыру жолында білім берудегі цифрлық контент жүйесіне жаңа серпін берген бастама.
Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар, онда 3,5 миллионнан астам оқушы білім алады. Сапалы білім – әр баланың құқығы дейтін болсақ, олардың бәріне бірдей сапалы білім ұсыну үшін цифрлық құралдар аса қажет.
«TV+ платформасында «Back to school» акциясымен ұсынылып отырған бейнесабақтар сырқаттанып сабақтан қалып қойған немесе мектепте білім алуға мүмкіндігі шектеулі балаларға Қазақстанның қай түкпірінде өмір сүрсе де, ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сыныптағы материалды толық меңгеруі үшін тең мүмкіндік береді»,-дейді TV+ жобасының контент-директоры Сандуғаш Рахимжанова.
Жоба тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де үлкен көмекші құрал болып отыр. Платформада математика/алгебра, физика, химия, биология, геометрия пәндері бойынша барлығы 5536 бейнесабақ қазақ және орыс тілдерінде ұсынылып отыр. Одан бөлек, әдістемелік нұсқаулықтар, жаттығу тапсырмалары мен тесттер бар.
Бұл – мұғалімнің уақытын үнемдеп, сабақ сапасын арттыратын мүмкіндік. Ал ата-аналар үшін баласының білімін бақылап отырудың қосымша тетігі.
Платформаның ең басты ерекшелігі – оны қолдану үшін күрделі қосымшалар орнатудың қажеті жоқ, браузер арқылы кіруге болады. Сондай-ақ, курстарды оқу жоғары жылдамдығы бар интернетті қажет етпейді.
Мемлекет басшысы «Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады» деген болатын. Міне,mektep-online.kz Президенттің осы ұстанымына толық үндес келетін жоба.
Жаһандық цифрлық дәуірде ұлттық мүдде мен мәдени болмысты сақтап қалудың ең пәрменді жолы – өзіміздің сапалы цифрлық контентімізді қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, цифрландыру мен жасанды интеллект – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бұл бағыттағы стратегиялық қадамдардың нақты жүзеге асуы «Қазақтелеком» секілді ұлттық оператордың жобаларынан айқын көрінеді.
Ұлттық контентті дамыту – жай ғана мәдени бастама емес, ол – мемлекеттің идеологиялық тірегі, тілдің болашағын айқындайтын, жаңа ұрпақтың құндылықтарын қалыптастыратын стратегиялық міндет. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жою, қазақша контенттің үлесін арттыру және Жаңа Қазақстанның құндылықтарын экран тілімен жеткізу – ел дамуының жаңа дәуіріндегі басты бағдарға айналмақ.
Аслан ҚАНҒОЖИН
