Коммуналдық жүйенің жаңғыру дәуірі алыс емес

Коммуналдық жүйенің жаңғыру дәуірі алыс емес

Облысқа  2025–2029 жылдарға арналған энергетикалық-коммуналдық жүйені модернизациялау жөніндегі ұлттық жоба жұмыстарын түсіндіру үшін ҚР Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың кеңесшісі Мәлік Арман арнайы келді.

Жұмыс сапары барысында ол өңірдегі инфрақұрылымдық жобалармен танысып, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауапты құрылымдармен семинар кеңес өткізді. Үкімет мүшесімен бірге Қазақстан энергетикалық модернизациялау орталығының, «Бәйтерек» акционерлік қоғамының, Қазцентр өкілдері  облысқа ат басын бұрды.

Келген делегацияның мақсаты – алдағы жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған ауқымды жобаның өңірлік деңгейде жүзеге асырылу тетіктерін түсіндіру.

blank

«Тиімді инфрақұрылым – тұрақты экономикалық өсудің негізі. Ұзақмерзімді табысты экономикаға жету үшін халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылымдық база қалыптастыру қажет. Президент өз Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталған болатын. Соған сәйкес, энергетикалық-коммуналдық секторды модернизациялау жобасы қабылданды. Ендігі басты міндет – ескі қалдықтарды жою талаптарын күшейту, сумен жабдықтау мен техникалық инфрақұрылымды жаңарту. Бұл талап еліміздің барлық өңірлеріне ортақ. Алға қойылған мақсат – жүйедегі ақаулардың алдын алу, коммуналдық қызмет сапасын арттыру», – деді Мәлік Арман.

Жоба аясында заңнамалық база қалыптастырылып, жобаны жүзеге асырудың нақты алгоритмі дайындалуда. Бұл бағытта өңірлерге әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін арнайы кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоба арнайы цифрлық портал арқылы жүзеге асады. Бұл портал жуырда іске қосылады. Оның техникалық операторы ретінде Қазцентр бекітілген, ал қаржылық оператор міндетін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі атқарады. Жоба монополияға қарсы жергілікті департаменттермен бірлесіп атқарылмақ.

blank

«Біздің мақсатымыз – қай орган қандай құжаттарға жауапты екенін түсіндіру. Бұл іске барлық облыстардың әкімдіктері, мердігер ұйымдар мен тауар өндірушілер тартылатын болады. Қаржыландыру екі механизм арқылы жүргізіледі. Біріншісі – мемлекеттік мекемелерге бағытталған қаржыландыру. Бұл ретте әкімдіктер арқылы облигациялар шығару арқылы іске асырылады. Жобаны жүзеге асыру жауапты монополистерге жүктеледі. Екінші механизм – екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Екі бағытта да пайыздық мөлшерлеменің бөлігін мемлекет субсидиялайды», – деді Үкімет өкілі бұл туралы.

Биыл  дайындық кезеңі іске аспақ. Қазан айына дейін жобалар бойынша операторлардың өтініштері қабылданады. Қарашада қаржыландыру нүктелері анықталады, ал желтоқсан айында субсидиялау механизмдерін реттеу үшін тиісті тапсырыстар беріледі.2026 жылдың сәуіріне дейін екінші кезеңге өтініштер қабылданады. Қазан айына дейін субсидиялау шарттары бекітіліп, кәсіпорындармен келісімдер жасалады. Қарашада нақты қаржыландыру тетіктері жарияланады.

blank

Жаңғырту жұмыстары цифрлық негізде жүргізіледі. Бірінші бағыт – электронды ұлттық платформа арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағыт – коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттық жүйе арқылы қамтамасыз етіледі.

Сапар аясында Үкімет мүшесі Қостанай қаласындағы су шаруашылығы мекемесіне барып, жаңа су тазарту қондырғысының құрылысымен танысты.

blank

Қондырғыны іске қосу арқылы қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Қондырғыны салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

blank

«Жобаны іске қосуды «Изомер» ЖШС арқылы жүзеге асырып жатыр. Қондырғы тәулігіне 50 мың текше метр суды тазарта алады. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды, Қазір іске қосу-реттеу кезеңі жүріп жатыр. Бұл – арнайы жеке жоба. Оның құны 249 миллион теңге», – деп атап өтті мекеме басшысы Қазбек Шалабаев бұл туралы.

Бұл жобаның іске қосылуы – тұрғындарға экологиялық таза ауыз су жеткізіп, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.

blank blank blank

Энергетикалық-коммуналдық жүйені жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба – елдің экономикалық дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Оған жергілікті әкімдіктерден бастап, ұлттық деңгейдегі операторлар мен қаржы институттарына дейін жұмылдырылған. Жүйелі әрі кезең-кезеңімен іске асырылатын бұл жоба – Қазақстанның инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ