Өнеркәсіп вице-министрі Қуандық Қажкенов Денисов ауданында болды

Өнеркәсіп вице-министрі Қуандық Қажкенов Денисов ауданында болды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жұмыс сапарымен арнайы Денисов ауданына барды. Глебов ауылында салынып жатқан су тарату желілерінің құрылысын көріп, атқарылған шаруалармен танысты.

Қазіргі уақытта құрылыс аяқталуға таяды. Нысан қыркүйек айының аяғына қарай қолданысқа берілмек. Резервуар және магистраль орнатылды. Ауыз су тарату желілері ауыл ішіне дейін тартылған. Бүгінде 115 үйге су келіп тұр. Ендігісі қалған 40 үйге айдың соңына дейін су кіргізу жұмыстары қалып отыр.

blank blank blank

Мұнда 1968 жылы салынған су құбыры бар-тын. Ол уақыт өте ескіріп, құбырларын тот басып, тесіліп, іске жарамсыз болып қалды. Соңғы 15 жылдан бері тұрғындар ауыз суды 90 жер асты ұңғымасы мен 3 құдықтан алып, пайдаланып келді. Тұщы суға шөліркеген ауылдастар жаңа нысанның тезірек іске қосылғанын тағатсыздана күтуде.

blank

«Глебов ауылы аудан орталығынан отыз шақырымай жерде жатыр. Мұнда барлығы 463 тұрғын, 162 аула бар. Даму қарқыны белсенді ауылдардың бірі. Жергілікті халықтың басым көпшілігі көршілес Жітіқараға барып жұмыс істейді. Екі ортаның жолы жақсы», – деді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев.

Қостанай облысы бойынша мемлекетке прокуратура органдарымен қайтарылған активтер есебінен 25 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Соның бірі Денисов ауданының Глебов ауылында салынып жатқан су тарату желілерінің жобасы.

blank blank  blank blank blank blank

Нысанды салуға облыстық және республикалық бюджет есебінен 1 млрд 97 млн теңге бөлінген. Соның 375 млн теңгесі қайтарылған активтер есебінен бағытталды. Мердігер ұйым  «Костанайсельхозводопроводстрой» ЖШС биылғы мамыр айында іске кірісіп, құрылысты мерзіміне сәйкес жүргізуде. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов шаруаны шашау шығармай атқарған қостанайлық мердігердің кейсін басқа өңірлерге үлгі ретінде қолдану керегін айтып қалды.

blank

 

«Тарату желілерін енді орната бастағанда біз құрылыс алаңында болдық. Ауыл тұрғындарымен кездескен сәтімізде жобаның уақытында аяқталып, іске қосылғанға дейін назарда ұстайтынымды айтқанмын. Мердігер өз сөзінде тұрды. Қыркүйек айының соңына дейін барлық үйге су кіргіземіз деп отыр», – деді  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов.

Өнеркәсіп вице-министрі ауыл тұрғындарымен кездесіп, халықпен пікірлесті. Глебовтықтар атқарушы органға алғыс айтып жатты.

«Үйге су тартылды. Бірақ, оны бірден тұтынуға болмайтынын ескерткен. Өйткені, жұмыс кезең-кезеңімен аяқталады. Қазір құбырлардың ішін шаю жүріп жатыр. Сондықтан ауыз суды тұрмыстық шаруалар үшін ғана пайдаланудамыз. Кір жууға, ыдыс-аяқ тазалауға дегендей. Шаю ісі аяқталған соң суды хлормен залалсыздандырады. Содан кейін ғана мақсатты түрде қолдануға болады. Ешқандай шағымымыз жоқ», – деді ауыл тұрғыны Ксения Газизова.

Ауыз су Жітіқара ауданындағы Ырсай ауылынан тартылғанын еске саламыз. Ауылда газ бар. Кіре беріс жолға асфальт төселген. Су құбырының құрылысы аяқталса тағы бір игі істің біткені.

«Тарату желілерінің салынуы бәріміз үшін көптен күткен қуаныш. Тұрғындар ризашылығын білдіруде. Алыстағы ауыл халқын назардан тыс қалдырмай сапалы ауыз сумен қамтуға көңіл аударып, қаражат бөлгені үшін Мемлекет басшысына айтар алғысымыз шексіз», – деді Глебов ауылының әкімі Рамазан Тұрғанов.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Диана АЛМАСҚЫЗЫ