«Әділет» партиясының партиялық тізімі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының кандидаты Медет Ерболұлы «Емшан» сауда үйінде кәсіпкерлермен және келушілермен еркін форматта кездесті. Олардың күнделікті жұмыста қандай мәселелерге тап болатынын және бизнесті мемлекеттік қолдау шараларынан не күтетінін сұрады.
Әңгіме негізінен шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау төңірегінде өрбіді. Шағын сауда орындарының иелері үшін қаржыландыруға қол жеткізу, мемлекеттік қолдау алу талаптарының түсінікті болуы және артық әкімшілік кедергілерсіз кәсібін кеңейту мүмкіндігі аса маңызды.

Медет Ерболұлы — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қостанай облысы бойынша өңірлік филиалының өкілі. Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, әр кәсіпкердің мақсаты мен қажеттілігі әртүрлі екенін атап өтті. Біріне құрал-жабдық алуға қаражат қажет болса, енді біріне сауда орнын кеңейту немесе жаңа бағытты қолға алу маңызды. Сондықтан қолдау шаралары бизнестің нақты сұранысына сай болуы керек.

«Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасындағы «Әділетті экономика» бөлімінде 4 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолдау көрсету көзделген. Қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларына 26 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 41 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу міндеті қойылған.

«Шағын бизнес көбіне шағын сауда орнынан немесе отбасылық кәсіптен басталады. Бірақ мұндай істің артында адамның еңбегі, салған қаражаты мен жауапкершілігі тұрады. Біздің міндетіміз — кәсіпкерге қажетті қолдауды алуға, кәсібін кеңейтуге және артық қағазбастылыққа уақыт жоғалтпай, өз ісімен айналысуға мүмкіндік жасау. Бизнес дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады, отбасылардың әл-ауқаты артады. Мұның бәрі өңір экономикасына да оң әсер етеді», — деді Медет Ерболұлы.
«Әділет» партиясы кәсіпкерліктің кез келген деңгейде дамуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруды қолдайды. Шағын бизнеске қолжетімді қолдау көрсету, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ауқымын кеңейту және жаңа бастамаларға жол ашу — өңір экономикасының тұрақты дамуының маңызды негізі.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Б.Б. Аққожина.
Материал Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
