Азаптаудан аман қалған кейуана

Азаптаудан аман қалған кейуана

Мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмыс аумастырған болатынмын. Оған дейін, ұстаздық еңбек жолымда дәл осындай оқиғаларды тек қана кітапханада Ұлы Отан соғысы туралы естеліктерден оқитынмын. Осы орталықта өзіме қарасты қарттармен күнделікті әңгімелесе отырып, мына бір әңгіме құйқа-басымды шымырлатып, төбе шашымды тік тұрғызды. Естігесін 2-3 күн  ұйқыдан айырылып, қолыма қалам алып, сіздерге жолдауға бел будым…

Менің кейіперім Емельянко Татьяна Филипповна 1926 жылы 15 қыркүйекте Ставрополь өлкесінің Воронцовоалександровское ауылында дүниеге келген. Анасы өмерден ерте озған, есінде жоқ. Әкесі жалғыз қызы Татьянаны өзі тәрбилеп, көрші-көлем киім-кешек пен тамағын бөлісіп отырады екен. 1943 жылы әкесі оқ тиіп жараланып, осы дерті асқынып, үйде жатып көз жұмады. 16 жастағы Татьяна ауыл тұрғындары арасында құпия құрылған партизандар командасында тапсырмалар орындауға кіріседі. Оның жеке құпия паролі де болады.

“Ауылға аяқ астынан немістер кіріп келген кез есімде. Сонда фашистерді қорыққаннан құшақ жайып қарсы алған сатқын ауылдастарым көп болды. Фашистер ешкімге зияны жоқ, өз бетімен өмір сүріп жатқан әйел-балаларды ұрып-соғып, дарға асып өлтірді. Себебі іштей құрылған партизандардың кімдер екенін білігілері келді. Сатқындардың айтумен мен де осы тізімге іліктім, менің үстіме қақаған қыста құдықтан алынған мұздай су құйып азаптады. Аң талағандай етіп, өлімші қылып ұрып-соғып, сарайға лақтырып, өлді деген оймен жөндеріне кетіп отырды. Мені көрші әжей үйіне сүйретіп әкеліп, жарты жыл бойы керосинді қасықтап бере отырып емдеді. Жарты жылда аяғымнан тік тұрғызды. Әке -шешемнің көзін көрген, жақын араласқан әжей еді ол”, – дейді кейуана жас күнін еске алып.

1946 жылы, Ұлы Отан соғысы аяқталғасын кейіпкеріміз тұрмысқа шыққан. Жолдасымен 16 жыл тату-тәтті өмір сүріпті. Қыз күнінде көрген ауыр азаптың салдары болар, сәби сүю бақыты маңдайына жазылмаған екен. Жұбайынан жалғыз қалған соң өзін аямай қара жұмысқа салған. Ал Қазақстанға тың көтеруге жастарды жинап жатқанын естіп, тізімге алғашқылар легінде жазылғандардың бірі осы Татьяна әжей болыпты.

Татьяна Емельянко 2014 жылдың 28 қарашасынан бері біздің орталықта. Бұл кісі кітапты көп оқиды, теледидарды үзбей қарап, жаңалықтарды жіпке тізгендей етіп, әңгімелеп отырады. Ортада өзін еркін ұстап, ойындағысын іске асыруға үнемі құлшынып жүреді. Орталықта өтетін мерекелерге де қалмай қатысып, көппен бірге көңіл көтереді. Қандай қиыншылық, ауыр бейнет көрсе де өмірге деген сүйіспеншілігі зор, көзқарасы түзу. Болмысынан, әңгімесінен ешқашан ешқандай өкініш, ыза белгісін аңғартып көрген емес. Осы қалпына қарап-ақ біз жігерлене, қуаттана, қанаттана түсеміз.

Татьяна Филипповна Жеңіс күнінде бірнеше мәрте мерекелік медальдармен марапатталған.

Нәзипа Өтекеева,

 №1Рудный арнаулы қызмет көрсету орталығының маманы

Жаңалықтармен бөлісу