Ата кәсібін сақтап, жылқышылықты серік еткен Фото: inbusiness.kz

Ата кәсібін сақтап, жылқышылықты серік еткен

Қазақ халқы үшін жылқы – тіршіліктің өзегі, ұлттың өмір салты. «Мінсең – көлік, ішсең – қымыз» деген халық даналығының мәнін кейіпкеріміз Нұрлан Темірғалиев өз ғұмыр жолымен дәлелдеп келеді. Ол үшін жылқы шаруашылығы – ата-бабадан жалғасқан аманат, отбасының берік дәстүрі, күнделікті тіршіліктің тірегі іспеттес.

Қостанайға іргелес жатқан Алтын дала ауылы тұрғынының әрбір таңы таңғы намазбен басталады. Құлшылықтан соң ол бірден қора-қопсыны аралап, малдың жай-күйін түгендейді. Қай жылқыға шөп салу керек, қайсысын су беру  қажет, қора тазалау – күн сайын қайталанатын, бірақ ешқашан маңызын жоғалтпайтын жұмыстар. Мал шаруашылығында демалыс деген ұғым жоқ. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында малға қарау деген ол – үлкен жауапкершілік.

 – Бір күн салғырттық танытсаң, оның салдарын ертең міндетті түрде тартасың, – дейді Нұрлан аға.

Жылқы бордақылап, оны тиімді бағаға өткізу де оңай шаруа емес. Әсіресе, қыс мезгілі шаруашылық үшін ең ауыр кезең болып саналады. Қыстауы ауылдан шамамен 200 шақырым қашықта орналасқан.

Елді мекеннен жырақта, боран мен аязда малды сол жақта қыстатып, қарау – төзім мен қажырды талап етеді. Суықта туған құлынды аман алып қалу – нағыз еңбектің сыналар шағы.Осындай ауыр сәттерде өткеннің сабағы еріксіз еске түседі. Осы тұста Нұрланға әжесінің естеліктері ойға оралады.

Ол ата-анасының өмір жолын абыроймен жалғастырып келеді. Бүгінде берекелі шаңырақтың иесі. Үш баласы бар, үлкені отбасылы, үш немеренің атасы. Ұлы жоғары білім алып, экономист мамандығын меңгерген, әке шаруашылығынан қол үзбей, бүгінде оның сенімді тірегіне айналған. Қыздары да өз жолдарын тауып, бірі отбасылы болса, бірі жоғары оқу орнында білім алуда. Бұл – адал еңбекпен келген тәрбиенің, өнегенің айқын көрінісі.

Жұбайы Балжан апаның да еңбегі ерекше. Ол күнделікті он шақты жұмысшының ас-суын әзірлеп, шаруашылықтың ішкі тіршілігін реттеп, отбасының берекесін кіргізіп отырған жан.

Шаруашылықтың тізгінін қолға алған алғашқы жылдары отағасы  оңай болмағанын айтады. Қаржылық, тұрмыстық, ұйымдастырушылық мәселелер бірінен соң бірі туындап, сан түрлі ойға қалдырған сәттер аз болмапты. Сол қиын кезеңде жалғыз биенің сүті қысы-жазы бүкіл әулетке талғажау болыпты.

– Әжем Айғанша – өте ақылды, сабырлы жан еді. Атам Темірғали 43 жасында ауыр дерттен қайтыс болып, 1951 жылдың желтоқсан айында дүниеден өткен екен. Сол күннен бастап бала-шағаның бар ауыртпалығы тұңғыш ұлы – менің әкеме түскен көрінеді. Ал отыз сегіз жасында тірегінен айырылған Айғанша әжем үшін бұл жағдай күнкөріс тұрғысынан да, жан дүниесі үшін де ауыр соққы болған. Ол жылдары ішер ас, киер киімнің өзі тапшы еді. Сол қиын кезеңде жалғыз биенің сүті қысы-жазы бүкіл әулетке талғажау болыпты. Әжем сол уақыттың ауыртпалығын әңгімелегенде, мен әлі кішкентай бала едім. Бәлкім, жылқыға деген ерекше ықылас пен сүйіспеншіліктің бастауы да дәл сол әңгімелермен бірге жүрегіме ұялаған болар. Бүгінде әкем де, анам да бақилық өмірге аттанды. Ата-анамның жылқыға деген ерекше құрметін жалғастыру – мен үшін парыз. Бұл жолды өз еркіммен таңдап, ата аманатына адал болуды мақсат еттім. Жылқыға деген сүйіспеншілік – тек кәсіп емес, ол әке мен ананың маңдай терімен келген тәлім, ұрпаққа қалдырған өнегесі. Қиындықсыз іс болмайды. Ниет түзу, еңбек адал болса, нәтиже кешікпейді. Тек төзім керек, – дейді ол.

Жеткен жетістігін ол тек өз еңбегімен байланыстырмайды. Қиын кезеңдерде жанынан табылған ағайын-туыстың қолдауын ерекше атап өтеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөздің мәнін өмірдің өзі дәлелдегендей.

Бүгінде ата-анасы бақилық болғанымен, олардың жылқыға деген құрметі мен еңбекқорлығы Нұрлан ағаның өмірлік ұстанымына айналған. Ата аманатына адал болу – оның басты мұраты.

Жылқы шаруашылығы – ол үшін әке мен ананың маңдай терімен келген тәлім, ұрпаққа қалдырған өнеге. Төзім мен табандылыққа негізделген бұл тағдыр – ауыл тіршілігінің шынайы бейнесі, адал еңбектің айқын айғағы.

Диана АЛМАСҚЫЗЫ,

ҚӨУ студенті

Қостанай ауданы