«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Амангелді ауданында әр сала мамандарының фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға білім алушылар, ұстаздар және түрлі сала мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Фестиваль аясында әр түрлі мамандықтар бойынша мазмұнды көрме ұйымдастырылып, қатысушылар өз салаларының қыр-сырымен таныстырды.
Көрмеде медицина, білім, құқық қорғау, кәсіпкерлік, техникалық және шығармашылық бағыттағы мамандықтар кеңінен насихатталды. Оқушылар мамандармен еркін сұхбаттасып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.

– «Еңбегі адал жас өрен» әлеуметтік жобасы аясында оқушыларға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беруіміз қажет. Адал еңбек пен кәсіби біліктіліктің маңызын түсіндіру, әр сала мамандарының еңбегін насихаттау және жас ұрпақтың болашаққа деген сенімін арттыру басты міндетіміз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Мақпал Мұхамбетова.
Сонымен қатар, әр сала мамандарымен кездесу кеші ұйымдастырылып, қонақтар өздерінің еңбек жолы, жетістікке жету құпиясы және мамандық таңдаудағы маңызды қадамдар туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Бұл жүздесу жас буынға зор жігер беріп, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығын арттырды.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ студенті
Амангелді ауданы
