Амангелді аудандық мәдениет үйінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ерекше мазмұнға толы, тағылымы терең «Асыл әжем» атты аудандық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Сахан Онжанұлы ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде әжелердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен тәрбиелік мәні зор өнегесі жастар үшін баға жетпес қазына екенін айтты. Сонымен қатар, байқауға қатысушы барлық өнерпаз әжелерге сәттілік тілеп, бұл сайыстың рухани маңызына тоқталды.
Байқауға ауданның 6 ауылдық округінен келген өнерлі әжелер ансамбльдері қатысты. Әрбір ұжым өздерінің ерекше дайындығымен, ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен және әсем әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахнада шырқалған халық әндері мен термелер, салт-дәстүрді насихаттайтын көріністер – барлығы да ұлттық рухты асқақтатып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Қатысушылар тек вокалдық шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар қазақы тәлім-тәрбиеге толы мазмұнды бағдарламаларымен ерекшеленді. Әжелеріміздің әрбір өнер көрсетуі – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті болды. Олардың сахнадағы шынайылығы мен ықыласы көрермен жүрегіне жол тауып, зор қошеметке ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша Тасты ауылдық округінен келген «Ақ тұмар» әжелер ансамблі жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, Бас жүлдені жеңіп алды. Ансамбльдің үйлесімді орындауы, сахналық мәдениеті мен ұлттық нақышты айқын жеткізе білуі әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Шара барысында өзге де қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттармен және сыйлықтармен құрметтелді. Бұл байқау тек өнер сайысы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық рухты дәріптейтін маңызды мәдени іс-шара ретінде есте қалды.

Әжелеріміздің өнегелі өнері, тағылымға толы өмірлік тәжірибесі, ұлттық дәстүрді дәріптеген әсем әндері – кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас рухани қазына екені сөзсіз. Осындай шаралар арқылы жастар бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді дәріптеу – басты міндеттердің бірі.
Ақбаян Теміржанова
Амангелді ауданы
