Амангелді ауданында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен астасқан бұл кеш ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата-бабадан жеткен асыл мұраны жаңғыртуға арналды.
Мерекелік іс-шара «Отырардағы той» әнімен ашылып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Кеш шымылдығын түрген жүргізушілер жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, қазақ халқының бай мәдениеті мен терең тарихына тоқталды. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Қанат Кеделбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, ұлттық дәстүрді дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

– Баршаңызды Мәдениет пен ұлттық салт-дәстүр күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ата-бабамыздан аманат болып жеткен асыл мұрамызды ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртатын ерекше күн. Осындай игі іс-шаралар арқылы біз жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, дәстүр сабақтастығын жалғастырамыз. Әр шаңыраққа амандық, молшылық пен береке тілеймін, – дейді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Аудан әкімінің ізгі лебізінен кейін Есір ауылдық клубының меңгерушісі Балтасар Ізтілеуов асық ойынын ұйымдастырды. Онда ниет білдірушілер шығып, ұлттық ойынды ойнады. Жергілікті билік өкілдері, аудан әкімі мен аудандық прокурорда бақ сынады.
– Шыны керек, соңғы рет мектеп кезінде ғана асық ойнаппын. Одан кейін қолыма сақа алып, иіріп тұрғаным осы, – деп аудан әкімі бала кезін есіке алды.
Кеш барысында, ұлттық би биленіп, қазақы дәстүрдің көркем көрінісі сахна төрінде қайта жаңғырды. Сонымен қатар, Наурыздың басты нышандарының бірі – Наурыз көже ұсынылып, көпшілікке таратылды.
– Жеті түрлі дәмнен дайындалатын бұл тағам – молшылық пен бірліктің символы. Дәстүр бойынша Қыдыр ата бата беріп, жиналған жұртқа ақ тілегін арнады. Ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесін де ұйымдастырдық. Аудандық мәдениет үйі мен ауыл клубтары дайындаған көрмеде қазақ халқының бай дастарханына орын берілген. Қонақтар ет тағамдары, бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, құрт пен ірімшік секілді ұлттық дәмдерден дәм татып, халқымыздың қонақжай дәстүріне куә болды, — дейді Қ. Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйі директорының уақытша міндетін атқарушы Лиза Мизамбаева.
Сонымен қатар, шаңырақ, төрт түлік, ұлттық аспаптар мен ою-өрнектер бейнеленген композиция көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Бұл туынды халқымыздың дүниетанымы мен рухани байлығын тереңінен бейнеледі. Кеш соңында ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарды сақтау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, жиналған жұртшылыққа алғыстарын білдірді.
– Амангелді ауданында өткен бұл тағылымды кеш – ұлттық мұраны ұлықтап, салт-дәстүрді жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Осындай игі шаралар арқылы ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани сабақтастықты нығайту – уақыт талабы екені анық, – дейді аудан тұрғыны Нұрсұлтан Ещанов.
Ақбаян ТЕМІРЖАНОВА,
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті,
Амангелді ауданы
