Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған алқалы жиын жас ұрпаққа ұлы ғалымның өмірі мен мұрасын терең танытуды, ғылыми-зерттеу қызметіндегі жаңа бағыттарды түсіндіруді мақсат етті.
Форумға қалалық білім бөлімінің басшысы Есламбек Мәметеков, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің тарихшы-ғалымдары мен студенттері, мектеп директорлары, өңірдегі тарих және география пәндерінің ұстаздары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар бірқатар баяндамалар тыңдап, ғылыми пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-ғылыми зерттеу институтының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, 7–11 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы оқулығының авторы Фархат Лебаев форумға онлайн форматта қосылып, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасына қатысты тың деректермен бөлісті. Ол ғалымның этнография, шығыстану, география салаларындағы зерттеулерінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, форумда география ғылымдарының докторы, профессор Орденбек Мазбаев телекөпір арқылы сөз сөйледі. Ол оқушыларға қазақ ғылымының жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов қалдырған мұра – кейінгі буынға үлкен аманат екенін жеткізіп, ғылым жолында ізденуге шақырды.

Жиын барысында білім бөлімінің басшысы Есламбек Жеңісұлы тарихшы мамандардың жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта ғалымдардың қатысуымен кең көлемде ғылыми форумдар, дөңгелек үстелдер мен зерттеу жобаларын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, тарихқа бейім, дарынды оқушылардың ғылыми әлеуетін ашу – өңірлік білім саласының маңызды міндеттерінің бірі.
Университеттің тарих факультетінің деканы Гүлбаршын Конкина да Шоқан еңбектерінің өскелең ұрпақтың танымын қалыптастыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

Форум аясында пленарлық мәжіліс, ашық сабақтар, әдеби-мәдени талдау жұмыстары жүргізілді. Мұғалімдер мен оқушылар Шоқан шығармашылығына негізделген жобалық жұмыстарды таныстырды.
Мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылар әдеби композициялар мен әндерді тамашалап, ұлы ғалымның рухани мұрасына терең бойлады.
Мұрат Жүнісұлы Арқалық қаласы
