Бас жүлде иегері Абзал Алпыс бұл бәйгеге Қамысты ауданының атынан қатысып, 200 мың теңгені еншіледі.
Бірінші орын Алтынсарин ауданынан қатысқан Серікболсын Әбікенге бұйырды.

Сыйақысы – 150 мың теңге. Арқалық өнерпазы Төлеген Әділов екінші орын алды(120 мың теңге), үшінші орын иегері амангелділік Тоба Өтепбаев (100 мың теңге).
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының» арнайы сыйақысын Самал Айса (Әулиекөл ауданы) иеленді. Қалған барлық қатысушы өнерпаздар «Тобыл-Торғай» өңірінің жыршы-термешілері атындағы арнайы сыйлығының иегерлері атанып, әрқайсы 50 мың теңге сыйақымен марапатталды.

Осылайша, Арқалықтағы «Көне ғасыр күмбірі» атты І облыстық жыршы-термешілер фестивалі жақында жаңадан күрделі жөндеуден өткен қалалық Мәдениет сарайын дүбірге бөледі. Сайыстың салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов құттықтау сөз сөйлеп, үміткерлерге ақжол тіледі.
Ұлттық өнеріміздің інжу-маржандары жыршылық, термешілік өнерді дәріптеу, атадан балаға мирас болған көне құндылықтарды өскелең ұрпақ бойына сіңіруді алдарына темірқазық еткен рухани ауқымды іс — шараға облыс көлемінен 13 өнерпаз қатысып, бақтарын сынады. Өнер додасының әділ бағасын беруге Астана қаласынан дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері», Жетісу жыршылық мектебінің белді өкілдерінің бірі-Ерболат Шалдыбеков арнайы келіп, өнегелі өнерге осы саланың туын көтерген мақтан тұтар жерлестеріміз ҚР Мәдениет қайраткері Боранбай Әбенов, белгілі жыршы — термеші Қуанышбай Қазымбеков қазылық жасады.
Бәйгеде бақ сынаған жезтаңдай жыршылар әрісі Қазтуғанның, берісі халы ақыны Нұрхан Ахметбековтің «Қарға», «Наурызбектің термесі», Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы», «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы», сонымен қатар кейінгі буын жерлес ақындарымыз Қонысбай Әбіл, Серікбай Оспанов, Ерлан Нұрманғалиевтардың жыр — термелерін айтып, көрерменге орасан шабыт сыйлады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген — автор Арқалық қаласы
