Арқалықта отбасын қолдау орталығы ашылды

Арқалықта отбасын қолдау орталығы ашылды

Президент Жарлығын орындау негізінде Арқалық қаласы әкімідігінің Қаулысына сәйкес қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің отбасын қолдау орталығы құрылды.

Жаңа мекеменің жұмысы отбасылардың әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және ақпараттық қолдауын қамтамасыз етуге бағытталған. Қызметтік құрамы 6 бөлімшеден тұрады.

blank

Орталықта психологиялық көмек, құқық, жастар және ата-аналармен жұмыс, әлеуметтік қолдау, медиация және даулардың алдын алу, қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімшелері жұмыс істейді.

blank

Түрлі мемлекеттік мекеме, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтасады. Бұл өз кезегінде отбасыларға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары және басқа құрылымдармен өзара ынтымақтастық — дағдарыстық жағдайларға жедел әрекет етуге және қиын жағдайларға тап болған отбасыларға сапалы көмек көрсетуге жол ашады.

blank

Өз қызметін қолжетімділік, құпиялылық және әрбір отбасыға құрметпен қарау принциптеріне сәйкес жүзеге асырады.

Бұл принциптер мамандардың жұмысында сенімділік атмосферасын қалыптастыруға, әрбір азаматтың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отбасылардың өз мәселелерін ашық түрде шешуіне ықпал жасайды.

blank

«Қазіргі қоғамдағы отбасын қолдау қызметінің маңызы зор. Отбасы – қоғамның ең маңызды әрі негізгі әлеуметтік институты. Отбасындағы тұрақтылық, өзара түсіністік пен қолдау қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда әлеуметтік, экономикалық және психологиялық қиындықтардың артуына байланысты көптеген отбасыларға кәсіби көмек қажет.   Отбасын қолдау орталығы облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден сәтті өтті. Штаттық қызметкерлер саны 16 адамды құрайды. Арқалық қаласында Отбасын қолдау орталығының болуы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қосып және отбасы институтын нығайту мәселелерін тиімді шешуге қолайлы жағдай туғызады. Орталықты құру тек Арқалық қаласындағы отбасыларды ғана емес, сонымен қатар көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарының және басқа да ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарды да қолдауға қабілетті екендігін айтқымыз келеді. Бұл қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларға уақтылы көмек көрсетуді қамтамасыз етеді, сондай — ақ отбасылық даулар мен кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылық деңгейін төмендетеді», – дейді Арқалық қаласында жаңадан ашылған «Отбасын қолдау орталығының» директоры Толқын Торғайбаева.

Бүгінгі таңда орталықта (2026 жылдың 15 қаңтарынан бастап) 1 жас ана кәмелет жасқа толмаған 2 баласымен бірге жеке өтініші негізінде қызмет алып жатыр. Қазіргі жағдайлары қалыпты. Орталықтың әлеуметтік қызметкері мен психологы олармен жан — жақты жұмыс жүргізуде.

blank

Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Арқалық қаласы Полиция басқармасының инспекторлары да тиісті жұмыстарын жүргізген.

 

 

Мұрат Жүнісұлы

                        Суреттерді түсірген автор                                                               Арқалық қаласы