Арқалық тұрғындарына елімізде АЭС салу қажеттілігі түсіндірілді

Арқалық тұрғындарына елімізде АЭС салу қажеттілігі түсіндірілді

Қазақстанда АЭС салуды қолдау жөніндегі қалалық штаб мүшелері өңірдегі ауыл – аймақтарды, іргелі мекемелер мен ұжымдарды аралап, Президент бастамасының тиімділігі туралы айтып, түсіндіруде.

Ынталы топ осыған дейін қалаға қарасты бірқатар ауылдарға барып, АЖЭК, КЮЭС, «Тазарту», «Алюминстрой» ЖШС, «Арқалық құс» фабрикасы, институт, гимназия сынды мекеме – ұжымдармен кездесулер өткізді.

Штаб мүшелерінің айтуынша АЭС – тұрақты және ұзақ мерзімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Бұл Қазақстанның болашақ ұрпақтарының электр энергиясымен кепілді түрде қамтамасыз етілетінін және ресурстар тапшылығының қаупін азайтатынын білдіреді.

Қазақстан уранның елеулі қорларына ие. Бұл елде атом энергетикасын дамыту үшін тамаша мүмкіндік береді. Өзінің отын ресурстарымен АЭС елімізге энергия жеткізушілерге тәуелділікті азайтуға көмектеседі.

Сондай-ақ, бұл елдің тек уранның емес, атом энергиясының да экспорттаушысы ретінде халықаралық аренадағы стратегиялық ұстанымын нығайтады.

Әрине, тұрғындарды толғандыратын сұрақтардың бірі – қауіпсіздік мәселесі. Дамыған елдердегі тәжірибеге қарасақ, бүгінде әлемде 415 ядролық реактор жұмыс істеп тұр.

Мысалы, Америка, Франция, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер бұл салада әлдеқашан озып кеткен. Егер, АЭС қауіпті болса, өркениетті елдер мұндай тәуекелдерге бармас еді. Бүгінгі таңда әлемде 60-қа жуық атом электр станциясы салынып жатыр. Қазақстан уран өндіруден әлемдік көшбасшы ретінде бұл мүмкіндікті пайдалануы тиіс.

Сондықтан, штаб мүшелерінің ұстанымы – АЭС құрылысына қатысты жұртшылықтың барлық сұрағына сауатты, әрі дәлелді жауап беру.

«Біздің мақсатымыз – тұрғындарға Президенттің Атом электр станциясын салу туралы идеясының прогрессивтілігін жеткізу. Қазақстанда АЭС салу – нақты жағдай мен бүгінгі күннің сұранысынан туындаған бастама. Бүгіннің өзінде еліміздің кейбір өңірлерінде электр қуатының тапшылығына байланысты проблемалар жиі кездеседі. Еліміздің дамуы үшін атом электр станцияларының маңыздылығын жерлестеріміздің түсініп отырғаны және алдағы референдумда қолдауға дайын екендіктері қазірдің өзінде айқын сезілуде», – дейді қалалық штаб төрағасы, «АМАНАТ» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет.

Кездесулер барысында азаматтарға АЭС қажеттілігін айқындайтын бүктемелер де таратылып берілуде.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Арқалық қаласы.

Жаңалықтармен бөлісу