Ақын Абылай Маудан: «Жаңа реформалар халықтың бірлігі мен саналы таңдауы арқылы жүзеге асады»

Ақын Абылай Маудан: «Жаңа реформалар халықтың бірлігі мен саналы таңдауы арқылы жүзеге асады»

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Күн бойы ел тұрғындары өз сайлау учаскелеріне келіп, тарихи маңызы бар дауыс беруге қатысты.
Кешкі сағат 20:00-де еліміз бойынша барлық сайлау учаскелері жабылып, дауыс беру рәсімі аяқталды. Осы уақытқа дейін дауыс беруге құқығы бар азаматтар референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады.

Белгілі ақын, жазушы-журналист Абылай Маудан қаладағы №20 референдум учаскесінде дауыс берді.
— Жаңа Конституцияны қабылдау — мемлекеттің болашақтағы бағытын айқындайтын аса маңызды қадам. Бұл тек саяси құжат қана емес, елдің ертеңіне деген сенім мен үміттің көрінісі. Шығармашылық адамы ретінде мен қоғамдағы әр өзгерісті жүрекпен сезінемін. Сондықтан бұл маңызды сәтте бейжай қалмай, өз дауысымды беріп, таңдауымды жасадым. Өйткені ел тағдырына қатысты әр шешімде азаматтың үнінің болуы — үлкен жауапкершілік. Жаңа реформалар халықтың бірлігі мен саналы таңдауы арқылы жүзеге асады деп сенемін. Болашақ ұрпаққа тұрақты, әділетті қоғам қалдыру — бәріміздің ортақ міндетіміз. Сол жолда әрқайсымыздың белсенділігіміз бен азаматтық ұстанымымыз ерекше маңызға ие, — дейді жазушы Абылай Маудан.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, дауыс беру белгіленген талаптарға сәйкес өткен.
blank
– Бүгін біздің сайлау учаскесінде дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес өтті. Таңғы сағат 07:00-де басталған референдум кешкі сағат 20:00-де аяқталды. Күн бойы тұрғындар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Дауыс беру ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті, бақылаушылар барлық рәсімдердің сақталуын қадағалады. Қазіргі уақытта учаскелік комиссия мүшелері бюллетеньдерді санау рәсіміне кірісіп жатыр, – деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Кенжебек Шайхыбеков.
blank
Бұл учаскеде 2363 адам дауыс беру құқығына ие. Сондай-ақ, дәл бүгін алты адамның туған күні. Ал алғашқы рет төрт адам дауыс берген. Туған күн иелері мен бірінші рет дауыс бергендерге сыйлық табыс етілді.