Амангелдіде жаңа үйлер бой көтерді

Амангелдіде жаңа үйлер бой көтерді

Амангелді ауданында жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Қазір «Арқалық-Амангелді-Торғай» күре жолының батыс жақ беткейіндегі бұл баспаналар қаз-қатар сап түзеп, көше құрай бастаған.

Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Ислям Әбішевтің айтуынша, биыл 20 пәтер тапсырылады. Құрылыс жұмыстары алдағы қазан айының басына дейін толық аяқталып, баспана иелері қоныс тойын тойламақ. blank

   «Біз биыл 2 басты 10 үй салып жатырмыз. Бұл жалға берілетін пәтерлер. Былтыр осындай 6 үй салған болатынбыз. Барлығы 12 пәтер болды. Үйлер толық тапсырылды. Қазір ол үйлерде тұрғындар тұрып жатыр. Бәрі де дән риза»,-дейді Ислям Манарбекұлы.

Қазіргі таңда баспанаға мұқтаждық жөнінен аудан бойынша 109 адам тіркеліп тұрған көрінеді. Оның ішінде 75 адам халықтың осал топтағы санатына жатады. Былтыр осы санаттағы 12 адамға пәтер берілген.blankblank

    «Былтыр 80 шаршы метрден 3 бөлмелі пәтерлер салынып, көп балалы аналарға берілді. Биыл пәтерлеріміз 60 шаршы метрден салынуда. Екі бөлмелі баспана болады. Бұл пәтерлерді көлеміне қарай жалғызбасты аналарға, отбасы мүшесі аз адамдарға табыстаймыз»,-дейді аудан әкімінің орынбасары.

Тұрғын үй заңы бойынша баспана бөлу қазір әкімдіктердің құзыретіне кірмейді. Салынған үйлерді әкімдік сатып алып, үйдің құжаттарын Отбасы банкке өткізеді. Үйге қажеттілігі бар кісілердің тізімі осы банктің базасында айқындалып тұр. Банк пәтерлердің кімдерге берілгендігі жөнінде хаттама береді. Содан кейін барып хаттама негізінде баспаналар тиісті тұрғындарға таратылып беріледі.blankblankПәтерлердің әр шаршы метрі 290 мың теңге тұрады. Оны 60 шаршы метрге шаққанда бір пәтердің құны 17 миллион 400 мың теңгені құрайды. Пәтер иесі ай сайын жалға берілген баспанасына 17 мың теңге төлеп тұрады. Келешекте жеткілікті төлемдерін төлегеннен кейін өздеріне жекешелендіріп алуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан, бұл жүйеге халықтың сұранысы басым.blankАудан басындағы екінші бір мәселе өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған тозығы жеткен үйлер. Қазір ақаулы үй ретінде 4 отбасыдан өтініш түсіп отыр. Егер үйлер сарапшылардың шешімімен шын мәнінде де ақаулы болып табылса жаңа ереже бойынша: «меншік иесінің жалғыз баспанасы ақаулы деп танылған жағдайда» онда банк арқылы емес, әкімнің хаттамасы, шешімі немесе қаулысы есебінде кезексіз беріледі.

   «Облыс әкімінің қолдауының арқасында 3-4 жылдан бері аудандарда да жалға берілетін пәтерлер салына бастады. Бұрынғы уақытта тек қалаларға ғана мән берілетін. Енді аудандарға да осындай мүмкіндік қарастырылып отыр. Былтырғысы мен биылғысын қосқанда ауданымызда жаңа 1 мөлтек аудан құралып қалды»,-дейді аудан әкімінің орынбасары Ислям Әбішев қуанышты жүзбен.

   Жалға берілетін тұрғын үйлерді аудан кәсіпкерлері мен жеке тұлғалары өз қаражаттарына тұрғызуда. Әкімдік үйлердің жоба — сызбасын жасап берген. Сол бойынша тапсырыс алушылар тап-тұйнақтай етіп талапқа сай салып береді. Құрылысшылар түгелдей дерлік осы іске машықтанған жергілікті тұрғындар. Әр үйді 5 адамнан салып жатқанын ескерсек, барлығы 50 адам жұмыспен қамтылған.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ