Биыл Тобыл-Торғай өңірі мерейтойлар жылы болып тұр. Қостанай облысының 90 жылдығынан бастап, көптеген аудан, қалалар «дөңгелек даталарды» атап өтуде.
Мерейтойлар аясында талай игі істер атқарылғанын көріп, сүйсініп отырған жайымыз бар.

Осы орайда, ескерусіз қалдыруға болмайтын тағы датаны еске салғым келеді. Ол – Қостанай облысының киелі нысандар картасына кірген атақты Албарбөгет бөгетінің жүз жылдығы.
Албарбөгет – қатардағы көп бөгеттің бірі емес. Қазақ даласындағы ең алғаш салынған алып құрылыстардың қатарына кіретін сутоған. Торғай даласының тең жартысына жуығын суландырып, нуландырып тұрған стратегиялық маңызға ие нысан. Иен далада мал бағып, көшпелі өмір салтын ұстанған халықтың тек жаугершілік, ас пен тойда ғана емес, еңбекте де біріге алатынын көрсеткен символдық мәні зор бөгет.
Бөгеттің маңызы жайлы талмай айта беруге болады. Дегенмен сәл тізгін тартып, ресми дерекке кезек берейік.
«Ел қамын ертеден ойлаған Торғайдың тұңғыш гидротехнигі Айса Нұрманұлының басшылығымен Қабырға өзенінің алқабында орнатылған. Құрылысы қол күшімен 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталды. Жалпы ұзындығы 17 шақырым.
…Бөгет 55-60 миллион текше метр суды ұстап тұрады. Кеңес Одағы жылдары Албарбөгеттің батыс жағы алты кеңшарды, Көкалат, Аралбай, Шеген, Ақшығанақ, Торғай ауылын сумен қамтамасыз етті. Ал шығыс жағы Амангелді ауданындағы Крупская атындағы кеңшарды және Қабырға ауылын, Үрпек ауылын, Қараторғай, Сарыторғай шаруашылықтарын сулы етті. Көктемде өзен тасып, шабындық пен жайылымдардың шөбінің өсуіне қолайлы. Албарбөгетке пайдаланылған бөренелерді 400 шақырымдағы Аманқарағайдан түйе керуенімен тасымалдаған. Су екпіні топырақты жырып кетпеу үшін шыбықтан шыпта тоқылып, бөгеттің жел жақ бетін топырақ салынған қапшықтар үйілді. Қысқасы, Қабырға өзенін бөгеген ұзындығы 17 шақырым болатын бөгет бір техникасыз, адамдардың таза қол күшімен салынды.
Екі болыстың адамдары екі жыл бойы жаз шыққаннан мұз қатқанша осында топырақ тасып, жұмыс істеді. Тарихын тағылым деп білетін Торғай халқы осы бөгеттің салынуына 160-қа жуық адам қатысқан. Ел ішінде жобаның авторы әрі құрылысын жүргізуші Айса Нұрмановтың есімімен «Айса бөгеті» деп те атайды.
2007 жылы тұрғындардың өтінішімен бөгетті қайта қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен 73 млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы иесіз қалған Албарбөгет жанашырларының шырылдауымен Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің балансына өтті» – делінген Жангелдин ауданының Торғай мұражайлар кешенінің ресми сайтында.
Біздің топшылауымызша, қатысқан адамдар саны көрсетілгеннен әлдеқайда көп. Бөгеттің қандай қиындықпен салынғанын әкелеріміз үнемі айтып отыратын. Жанкешті еңбекпен бой көтерген бөгет жырылып кеткенде, жанұшырған аталарымыз көктемгі тастай суға секіріп түсіп, кеуделерімен бітеген екен. Мұндай әңгімені сол бөгеттің баурайында туып, бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген көрнекті жазушы Төлен Әбдіктің туындыларынан оқи аласыз. Жерлесіміз, халық ақыны Қонысбай Әбілдің «құм емес, кеудесімен шалдар бөгеп» деп басталатын Албарбөгетке арнаған өлеңі де сол шындықты арқау еткені анық.
«Орынын жетпегеннің, олқының да,
Толтырған балық ойнап толқынында.
Көкалат деп аталған бір ауыл бар,
Күн кешкен сол бөгеттің толқынында» – дейді Қонысбай ағамыз.
Мен сол Көкалатта туып, өстім, әлі күнге сонда тұрамын. Бөгеттің өткені де, бүгіні де көз алдымда. Білетінім, салынғанына ғасыр болған бөгетке, алғашқы тапсырылуынан кейін тағылымды іс-шара өтпеген екен. Иә, 1993 жылы бөгеттің бастамашысы болған Айса Нұрманұлының 100 жылдығы Көкалат ауылында кең көлемде тойланды. Халық рухани серпіліп, тарихқа құрмет көрсетті. Тағзым шарасы аясында тамаша әндер дүниеге келді. Соның бірі композитор Болат Молдашов тың «Қабырға толқындары» туындысы. Ауыл орталығындағы Албарбөгет орта мектебінде Айса Нұрмановтың музейі ашылып, жәдігерлері жиналды. Содан бері Айса атамыз да, Албарбөгет те елеусіз қалып келеді. Тек облыстық мәслихаттың депутаты Манат Карбозов тың мәселе көтеруімен нысан облыстың «Киелі жерлер картасына» енді.
Албарбөгет – жай ғана үйілген құм, тоған емес, ол – адам еңбегінің алып ескерткіші. Жағалай қонған шаруашылықтар, игілігін көріп отырған ел Албарбөгетке, сол бөгетті салған аталарымыздың рухына қарыздар. Бөгет тек бір округтің ғана ырыздығы емес, тұтас аймақтың несібесі. Алапат аштық жылдары аудан көлемінде тігерге тұяқ қалмағанда, бөгеттің баурайындағы ел ғана қалт-құлт етіп аман шығыпты. Кейін сол Көкалаттың малын басқа ауылдарға бөліп беріп, ел қайта еңсе көтерген. Оны мен ойдан шығарған жоқпын. Қиын шақта колхоз басқармасы болған тірі куәгер Қайырбек Нәлібаев өз мақаласында ашық жазады.
Торғайдың топжарған дүлділі атақты толғауында «Облыста колхоз озбайды, Амангелді Шиліден» деп шаттана жырлайды. Сондағы Амангелді колхозы қазіргі Көкалат ауылы.
Осындай маңызға ие, киелі жер, еңбекке қойылған ұлы ескерткіштің ғасыр тойын аудан, облыс болып атап өту қажет. Ол тек тарихты тану үшін ғана емес, болашаққа үшін де маңызды. Тойлау тек ат шаптырып, аста төк ас беру дегенді білдірмесе керек. Мереке аясында ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, фильмдер түсіріліп, мақалалар жиі жарияланып, тәрбиелік жұмыстар жүргізілсе құба-құп. Насихаты келіссе, қалғанын ауданның көмегімен шаруашылықтардың өзі-ақ көтеріп кетеді деп сенемін. Құдайға шүкір, тарихи нысанның маңызын жете түсінген, қолдауға дайын, көзі ашық қариялар, ел ағалары баршылық. Қазір қараусыз қалған Айса Нұрманұлының туған жеріне қойылған кесене де қалпына келтірілсе, аруақ алдында атқарылған үлкен сауап болары анық. Бөгетті салған қайран қара нардай қара шалдардың есім-сойы таспаға жазылып, ескерткіш тақта орнатылса, оны келушілер QR-код арқылы оқи алатындай жағдай жасалса, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, мектептерде су проблемасының қаншалықты өзекті екендігін терең ұғындыратын тәрбиелік сағаттар өтуі тиіс. Өйткені, суды үнемдеу, тиімді пайдалану мәселесі Президенттің күн тәртібінде тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданды. Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда» – деп осы мәселеге баса назар аударып, судың экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал ететінін қадап тұрып айтты.
Қыруар еңбекпен салынған бөгет бір кездері ешкімге керексіз болып та қалған. Қайсыбір жылдары 17 жерден кетілген бөгетті жалғыз трактормен, өз қаражатыммен бітеп шыққанымды халық біледі. Өйткені, бөгеттен айрылсақ шаруашылықтар зор зардап шегіп, ел қиналары анық еді.
«Албарбөгеттің жалғыз жанашыры менмін» деуден аулақпын. Кәкімжан Карбозов сынды ел ағаларының дер кезінде дабыл қағып, жөн нұсқауының арқасында Албарбөгет бүгінге аман жетті. Мемлекет балансына алынды. Ал осы бөгеттің жалғасы іспетті Көкалат пен Аралбай ауылының ортасындағы Жанбай бөгеті қараусыз қалып тұр. Күтім көрмегендіктен де кетілген. Бұл тұтас бір ауылдың шаруашылығына тұсау салып тұр. Осы бір шағын бөген де балансқа алынып, жөндеу жасалса деген ел тілегін де айтпай тұра алмаймын. Білек түріп бекінсе, бітпестей жұмыс емес.
Қорыта айтқанда, бөгеттің 100 жылдығы кең көлемде тойлануы тиіс. Өйткені, Албарбөгетті тойлау – Президент тапсырмасын қолдау.
Осыдан алпыс жыл бұрын ақын ағамыз Назарбек Бектемісов:
«Бір алып Айсабөгет Торғайдағы,
Атақты алып деген қорғайды әлі.
Көктемде көк сеңгірмен алысуға
Қырандай қанаттарын қомдайды әлі.
Қырық жыл сең, ағынға үгітілмей,
Нық тұр ол халқымның бір үмітіндей.
Су соғар қанаттарын бойлай өскен,
Көк орман Көкалаттың жігітіндей» – деп жырлапты.
Халықтың тастүйін бірлігі, өлшеусіз төгілген маңдай терімен тұрғызылған бөгет әлі талай ғасыр көктемде көк сеңгірмен алысар. Әлі талай ғасыр ұрпағымыз игілігін көрер. Тек келешек ұрпаққа сол аталардың көзін көрген біздер, бөгеттің маңызын айтып, үлгі көрсетіп кетуіміз қажет. Бұл істе бізге Айсадай атамыздың көрегендігі, көсемінің соңына ере білген абыздарымыздың ауызбірлігі қажет.
Мағзұм Баймағанбетов,
Көкалат ауылының тұрғыны, зейнеткер.
