«Тайқазан», «Замандас» деп отырғанымыз танымал журналист Нәзира Жәрімбетованың облыстық «Qostanai» арнасында қызмет етіп жүргенінде дайындаған хабарлары.
«Тайқазан» тарихи-танымдық бағдарлама болса, «Замандас» — аты айтып тұрғандай замандастарының болмысын, өмірі мен қызметін, тартысты тағдырын бейнелеген дүние еді.
2000-шы жылдардың басында шыққан бұл телеөнімдер көрерменге ой салатын, дүниетаным көкжиегін кеңейтетін тағылымға толы мазмұнымен ерекшеленді.

Тек бұл екеуі ғана емес, Нәзира Жәрімбетова облыстық арнада 12 жыл еңбек еткенінде «Сіз бен Біз», «Табыс», «Ой таразы», «Туған өлке» тәрізді бірнеше хабардың авторы әрі жүргізушісі болды. Күнделікті жаңалықтарға жүздеген сүбелі сюжеттер дайындады, «Апта» сараптамалық хабарының редакторы міндетін атқарды. Бүгінде Нәзира Жәрімбетованың көптеген авторлық хабарлары арнаның алтын қорында сақтаулы.
Балабиден басталған сапар
Нәзира Қыпшақбайқызы Жәрімбетова алаштың анасы атанған Сыр өңірінің перзенті.
1960 жылдың 26 маусымында Қызылорда облысы Шиелі ауданының қазіргі Балаби ауылында дүниеге келген.
«Мен туған жердің жазы аптап ыстық, өсімдігі сирек, жалаңаш құм төбелері күн астында қақталып жал-жал боп жататын еді» деп еске алады өзі.
Осы ауылда тәй-тәй басты, мектепке барды. Әріп танығанынан газет-журналды ежіктеп, кітап кемірген оқуға құштар бала болды.
Сөйтіп жүріп өзінің де жазуға қызығушылығы оянды. 7 сыныпта мектепте өткен бір іс-шараны «Директордың алғысы» деген тақырыппен сол кездегі республикалық балалар журналы «Қазақстан пионеріне» жазып жібереді. Сірә, оқушылардың бір жақсы ісіне риза болған мектеп басшысы шәкірттеріне шын көңілімен ақтарыла алғыс айтса керек.
Сол мақала журналға еш жері өзгертілмей басылыпты. Бұдан шабыттанған бала Нәзира аудандық газетті мақаламен төпей бастайды. Жазғандары жарияланып тұрады.
Сөйтіп жүріп 1977 жылы орта мектепті жоғары үлгеріммен тәмамдайды. Қандай маман болатыны өзі үшін 7 сыныпта алғашқы материалы жарияланған күні-ақ айқындалған.
Аттестат қолына тигесін Алматы қайдасың деп со кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университенінің журналистика факультетінен бір-ақ шығады. Алайда алғашқы жылы емтихан тапсырғанда басқа пәндерден бағасы жақсы болса да, тарихтан үш алып, жолы болмай оқудан құлап ауылға қайта оралыпты.
Бірақ өз біліміне, қабілетіне сенімді бойжеткен бұған мойыған жоқ. Алдымен аудандық газетке жұмысқа тұрды. Еңбек ете жүріп емтиханға тыңғылықты дайындалуды да ұмытпады. Сөйтіп келесі жылы сол оқу орнына қайта құжат тапсырып, есесі кеткен тарихтан төрт алып, журналистика факультетінің студенті атанды. Бұл 1978-ші жыл болатын.
Алматыдан — астықты өлкеге
«Мен оқыған оқу орны қазіргі Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғой. Сол кезде журналистика факультеті – ең мықты факультеттердің бірі болды. Себебі бізге қазақ журналистикасының тарихын, теориясын жазған кісілер сабақ берді. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Қадыр Мырза Әли… Әрқайсы бір тау тұлға. Сондай кісілерден дәріс алдық. Мұның сыртында ол кезде сұрыптау күшті. Оқуға көбіне таланттылығының сыртында өжет, табанды жастар түсетін. Яғни, студенттер де олқы емес. Бізбен бірге оқыған лектен кейін талай мықты журналистер, қаламгерлер, ғалымдар шықты» — деп еске алады студенттік шағын Нәзира Қыпшақбайқызы.
Уақытта тұрлау бар ма, көзді ашып-жұмғанша бес жыл өте шықты. 1983-ші басқа курстастарымен бірге Нәзира Жәрімбетованың да қолына жоғары білім туралы диплом тиді. Ол заманда жас маманға Компартияның орталық комитетінен жолдама беріледі.
Партияның жіберген жағына барсаң жұмысың дайын. Ал әсем қала Алматыда қаламын десең жұмысты өз бетіңше іздейсің. Сондықтан бұл екінің біріне бұйырмайтын бақ. Тағы бір ерекшелігі жолдама оқу үлгерімі жоғары студентке облыстық газеттерге беріледі екен.
Нәзира Қыпшақбайқызының мектептегі тәрізді университетте де үлгерімі жақсы болыпты. Сөйтіп екі облысқа берілген жолдаманың бірі – астықты өңір Қостанайға бару бұйырады. Әрине, жас бойжеткен үшін бұрын көрмеген, туған өлкесінен қашық, бөтен жер.
Бірақ ол кезде қазақы Қызылордада облыс орталығында сақа журналистер жетіп артылатын. Ал ауданға барғысы келмеді. Сонымен Сырдың қызы Тобылдың жағасынан бір-ақ шықты.
Сол кездегі «Коммунизм таңы», бүгінгі «Қостанай таңы» облыстық газетіне тілші болып орналасты. Аға буын Қасымхан Алдабергенов, Сәлім Меңдібай, өзімен замандас Оразалы Жақсанов, Жұмағали Арғынбаев, Гүлназым Сағитовалармен, тағы да басқа қаламгерлермен бірге қызмет істеді.
Алғашқы «Большевичка» тігін фабрикасы жайлы жазған «Шыт көйлек – көктем хабаршысы» атты материалын басшылық жылы қабылдап, жоғары бағалайды. Мақаланың тақырыбы бұлай қойылуының мәні мынада: Ол кезде «Большевичка» сұранысқа сай күнделікті киілетін киімдер де тігеді. Сол себепті көктем жақындағанда қыз-келіншек жылы кезде киетін шыт көйлектер шығара бастайды екен.
Осы мақала жарияланған соң марқұм Сәлім Меңдібай ағамыз газет нөмірін талқылау жиынында «Біздің қатарымызға тегеуірінді бір тілші қосылды» деп ақтарыла қуаныпты. Жас маманға бұл сөз қолдау болды, қанат бітірді. Уақыт өте келе өзі де өзгелер пікірімен санасатын, қаламы жүйрік, тіс қаққан, тәжірибелі тілшіге айналды.
Әсіресе тоқсаныншы жылдардың басында, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің жасы 80-нен асқан келінін тауып алып, оның естеліктерін жазып жариялауы, қазіргі тілмен айтқанда нағыз сенсация еді. «Қанша жыл осында тұрып біз білмей келдік. Нәзира келді, тапты! Бұл дегенің үлкен қазына!» деп сол Сәлім Меңдібаев ағай әрі таңырқап, әрі ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл материалдарды орыс газеттері аударып басып, орыстілді оқырмандар арасында да жоғары бағаланған.
Нәзира Қыпшақбайқызының облыстық газеттегі жұмысы 1994 -ші жылы аяқталды. Сол жылы құрылғанына 3 жыл ғана болған облыстық телеарнаға қызметке келді.
Телеарнадағы жылдар: Таспадағы тарих пен тағдыр, тұлғалар бейнесі
О заманда телеарна – ақпарат әлеміндегі тың, соны құбылыс еді. Жалпы телевизия посткеңестік кеңістікте Коммунистік партияның қатаң бақылауынан арылып, енді дамып келе жатқан кезі.

Ал Қостанай өңірі үшін тіпті таңсық. Беделі зор. Сондықтан тәжірибесі толысқан, қаламы шыңдалған Нәзираны да бұл сала қызықытырмай қоймады. Кезінде университеттегі оқытушылардың бірі «Түбі газеттің рөлі төмендейді, болашақ телевизияда» дегені де жадында жаңғырып тұр. Сөйтіп облыстық телеарнаға қызметке кетуге нық бел буды. Жазуы жақсы тілшіден айырылғысы келмеген газет басшыларының уәжі де тоқтата алмады.

«Телеарнадағы алғашқы екі жыл маған қиындау болды – деп еске алады Нәзира Қыпшақбайқызы. — Газетте ақпаратты өзің тауып, өзің жазасың. Бар жұмысты жалғыз атқарасың. Ал телеөнім дайындау – ұжымдық жұмыс. Түсірілімге телеоператор, көлік жүргізушісімен бірге барасың, одан келгесін материалды дыбыстау, монтаждау деген бар. Монтаж сапасын режиссер қадағалайды. Міне, бір материал дайындауға осылардың бәрі қатысады, солармен түсінісіп, тілін табуың керек. Бірте-бірте бұған да үйрендік».
Бастапқыда жаңалықтарға сюжеттер дайындап, кейін әріптесі Жасұлан Айсағалимен бірге «Сіз бен біз» ойын-сауық бағдарламасын жүргізді. 2000-шы жылы Жұмаш Кәкімжановпен екеуі ток-шоу форматындағы «Ой-таразы» бағдарламасын тізгіндеді.
Дегенмен көптің есінде қалған, сүбелі хабарларын 2002-ші жылдан түсіре бастады. Әсіресе тарихи-танымдық «Тайқазан», кейіпкердің портреттік образын ашатын «Замандас» хабарларын көрермен қауым өте жылы қабылдады. «Нәзира өте ізденімпаз, ойы ұшқыр қаламгер. Қай тақырыпты алса да әбден егжей-тегжейлі зерттеп барып жазады. Оның дайындаған дүниелері сонысымен құнды, мазмұнды» -дейді кезінде облыстық арнада бірге қызмет еткен әріптесі Мағауия Қалиев. Шынымен Нәзира Қыпшақбайқызы бұрын басқалар күнде көріп жүрсе де назар аудармаған дүниені терең зерттеп, көптің назарынан тасада қалған асыл дүниені тауып алатын және оны жарқ еткізіп көрсете білетін. Танымдық хабарлар дайындауды хас шебері. Мысалы «Тайқазанның» «Троицкімен жалғанған жібек тін» атты шығарылымында Ресейдің көне шаһарының қазақ даласымен ғасырлар бойы жалғасқан рухани байланысын шебер көрсете білді. Ал «Даланың алып қоңырауы» атты Ыбырай Алтынсарин жайлы хабарында, ұлы ағартушы жайлы бұрын беймәлім болған көптеген деректер кездеседі.

«Замандас» хабарында тек белгілі тұлғаларды ғана емес, тіршіліктің тауқіметін тартқан, алайда адами бейнесін жоғалтпаған жігерлі жандардың ауыр тағдырын да таспаға тартты. Мұндай дүниелерді жан дүниең алай-түлей болмай, бей-жай қарау мүмкін емес. Соның бірі қазіргі Бейімбет Майлин ауданындағы Қайранкөл ауылының тұрғыны Ақсұлу Ерменова жайлы хабар. Бұл хабарды көргенде соғыс деген зұлматтың тек қан төгу мен өлім емес, адам тағдырын ойрандайтын сұмдығы, қасіреті шексіз екенін сезінесіз. Қысқаша мазмұны былай: соғысты көрмеген, соғыс жылдары тұлымшағы желбіреген бала Ақлима, оның қасіретін 1953-ші жылы, майданда екі қолынан айрылған Әмірхан Ерменовке қосылғасын тартады. Туған әкесі екі қолынан айырылып міскін халге түскен алпамсадай жігітті аяп, өзінің жиырмаға толмаған қызын күштеп қосады. Былай қарасаңыз әкенің де ниеті ізгі, тілегі түзу. Бірақ жап-жас Ақлиманың бүкіл ғұмыры еркінен тыс кембағал жанды күтумен өткен. Бұған сұм соғыстан басқа кімді кінәлайсың? Міне, Нәзира Қыпшақбайқызының әрбір жасаған дүниесі адамға осындай ауыр ой салады. Тағылымы мен таным-тәрбиесі бөлек әңгіме.
«Еңбектің бағасы -елдің батасы»
Нәзира Қыпшақбайқызының облыстық телеарнадағы жұмысы 2006-шы жылы аяқталды. Сол жылы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті.
Мұнда да алдыңғы лектен табылды. Оралмандар мәселесін көтерген бір мақаласы сол кездегі мемлекет басшысының назарына ілігіп, «Көші-қон туралы заңға» өзгерту енгізіуліне себеп болды.

Бұл — мақаланы жазған тілшіге ғана емес, газетке де үлкен абырой еді. Осындай өткір мәселелерді сауатты көтере білетін алғырлығын, бай тәжірибесін ескеріп, газет басшылығы 2018-ші жылы зейнетке шықса да тағы бір жыл жұмыста қалдырды. Сөйтіп 2019 жылы құрметті демалысқа шықты.

«Ұзақ жылғы еңбегіңіз тиісті бағасын алды деп есептейсіз бе?» деп сұрадым сұхбат барысында. «Ұзақ жыл дейсің бе? — деп сұраққа сұрақпен жауап қатты Нәзира Қыпшақбайқызы.- Мен журналистің еңбегі қаншалықты ұзақ уақыт жұмыс істегенімен бағаланады деп есептемеймін. Еңбектің бағасы – елдің батасы. Мақалаң жұрт іздеп жүріп оқитындай болсын, хабарың ел қызығып көретіндей болсын. Көпшілік сені қолтаңбаңнан танысын. Мысалы журналист өзінің жасаған дүниесімен бәйгеге түсіп жүлде алсын. Жеңімпаз атансын. Міне, сол баға! Менің ұстанымым осы. Сондықтан марапат пен мансап қуған емеспін».
Дегенмен еңбегі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Ол бүгінде «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Нәзира Қыпшақбайқызы зейнетке шыққасын да қарап отырған жоқ. Тарихи-танымдық материалдар іздеу, жинау, жазу жұмысын әлі жалғастырып келеді.
Бұл еңбектері мерзімді басылымдарда жарияланып жүр. Өзі сонау 1989 — шы жылдан бері көтеріп келе жатқан қандастар, қоныс аударушылар мәселесі де жіті назарында.
Тобыл өңіріне қоныстанған қандастардың бәріне дерлік Нәзира Жәрімбетованың есімі таныс, түйткілдер туындаса бірінші осы кісіге хабарласады.
Нәзира Қыпшақбайқызы олардың бірде-бірін назардан тыс қалдырмайды, атқарушы билікке жеткізеді, қоғамға жариялайды. Сөйтіп мәселенің оң шешілуіне күш салады.
Сыр өңірінде туған Нәзира Қыпшақбайқызының бар саналы ғұмыры Тобыл-Торғай жерінде өтті. Осы өлкеге сіңісті, Қостанайдағы қазіргі заманғы қазақ журналистикасының дамуына үлесін қосты, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өз ісіне жауапты, ізденімпаз, бастағанын соңына жеткізбей тынбайтын табанды тілші екенін сан мәрте дәлелді. Оның қаламынан ұлт руханиятына қазына болып қосылар әлі талай сүбелі дүниелер туарына күмән жоқ.
Дәуренбек Әбдібек
