Қостанай қаласындағы №4 референдум учаскесінде А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, аймақтық коалиция мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Сейітбек Қуанышбаев дауыс берді.Сейітбек Бекенұлы өзінің азаматтық борышын орындап, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша референдумда пікірін білдірді. Ол референдум процесін Қазақстанның демократиялық дамуының маңызды кезеңі деп бағалады.
«Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы бойынша референдумда конституциялық құқығымды пайдалана отырып, өз таңдауымды жасап дауыс бердім. Бұл өзгерістер еліміздің барлық бағытта нығаюына ықпал етеді деп сенемін. Референдум учаскесінде халықтың болашаққа деген сенімге толы көңіл-күйін сезіндім. Олар алда даму мен өркендеу кезеңі күтіп тұрғанына сенімді», – деді университет ректоры.

Сейітбек Қуанышбаев дауыс берушілердің патриоттық рухын, елдің болашағына деген сенімін атап өтіп, үндеуін «Алға, Қазақстан! Реформалар арқылы дамып, көркейе бер!» сөздерімен аяқтап, бұл қадам ел азаматтарының өз конституциялық құқығын іске асырудағы белсенділігін көрсететінін атап өтті. Референдум учаскесіндегі бейбіт әрі ұйымдасқан атмосфера Қазақстанның демократиялық жолдағы тұрақтылығы мен азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
