19 қазан – құтқарушылар күні. Биыл арнайы қызметтің құрылғанына тура 30 жыл. Азаматтық қорғаныс саласы қатарындағы қызметкерлердің елеулі еңбегі қандай құрметке де лайық. Бастарын бәйгеге тігіп, адамдарды апаттан құтқарып, бет қаратпас тілсіз жаумен алысу үшін де қайсарлық пен темірдей төзім керек-ақ.
Қызметке адалдық – қоғамның жетістігі
От пен судан халықты аман сақтап келе жатқан азаматтардың жұмысы қауіпті әрі қызықты. Олар қанша адамды ажал ауызынан аман алып қалып жүрсе де, еш жерге жар салып жарнамаламайды. Өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, бұл міндетіміз әрі жұмысымыз деп қарайды.
Рудный қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Абылай Мүбәрак есімді азамат қызмет етеді.

Оның әкесі де бұрын осы салада еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан. Жалынмен күресіп, адам өмірін құтқарған әкесінің қызметтік жолы Абылайға ерекше әсер етіпті. Болашақта өрт сөндіруші боламын деген ойы мектеп кезінен қалыптасып, жүрегіне ұя салған арманы орындалып отыр. Жалынмен бетпе-бет келгенде әр өрт сөндірушінің міндеті негізгі қағидаларды есте ұстау. Сабыр сақтау өте маңызды, әр секундты тиімді пайдалалану керек.
«Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжiнде өз мамандығым бойынша үш жыл оқыдым. Содан соң әскерде өз борышымды өтеп келдім. 2017 жылдан бері Рудный қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет етемін. Бұл сала өзге қызметтерге қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына жылдам шығу қажет. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып, өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Жұмыс қауіпті әрине. Түрлі жағдай болады. Жақында қаладағы жер үйлердің біріне шұғыл бардық. Екі сарайды жалын шарпыған. Біз көрші сарайларға тілсіз жаудың тиіп кетпеуінің алдын алып, тілсіз жауды дереу ауыздықтадық. Әріптестермен ұйымдасқан жұмыстың арқасында үлкен өрттің алдын алдық», – дейді Абылай Мүбәрак.
Өрт сөндіру бөлімінде Абылай есімді екі азамат жұмыс істейді. Біреуі туралы жоғарыда жаздық, екіншісі – Абылай Ерназаров.

Оның бұл саладағы еңбек жолы 2016 жылы Арқалық қаласынан басталған. Рудныйдағы өрт сөндіру бөліміне 2019 жылы ауысып келіпті. Бүгінде ол – жауапты лауазымдағы бөлімше командирі. Абылай Ерназаровтың айтуынша, жұмыс жалынмен күрес ғана емес, секундтармен жарысу және адам өмірін құтқару. Ол есінде қалған оқиғалардың бірін былай баяндайды:
«Бірде пәтер өртеніп жатыр деген хабар келіп түсті. Хабарлағандар пәтердің ішінде бала болуы мүмкін деп айтқан. Мұндай ақпаратты естігенде, әрбір секунд алтынға тең болады. Біз бірден сол мекенжайға жеттік. Бағымызға орай, қалың оттың арасынан адамдарды аман алып шықтық. Бұл біз үшін үлкен жеңіс еді. Өртті сөндірдік, содан кейін тұрғын үйдегі адамдардың қауіпсіздігін ойлап, толықтай эвакуация жүргізіп, үлкен қауіптің алдын алдық. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет етеді. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн. Өрт сөндіруге қатысты оқиғаларды айта берсек көп. Адамдарға көмектесу және қауіптің бетін қайтару, бұл – біздің жұмысымыз».
Адам өмірі мен қауіпсіздігі – кез келген қоғамның басты құндылығы.
Осы құндылықты қорғау жолында күн сайын тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Рудный қалалық азаматтық қорғау бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Ермахан Қабыкен.

Балалық шағынан тәртіп пен жауапкершілікті жоғары қоятын ол болашақ мамандығын да осы қасиеттерге сай таңдаған. 2018 жылы төтенше жағдайлар басқармасына жұмысқа орналасып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келеді.
«Бұл сала тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір шақыру, әрбір хабарлама адам өмірімен байланысты. Сондықтан біз үшін тәртіп пен дайындық басты қағида. Біз тек өрт кезінде ғана жұмыс істемейміз. Негізгі міндетіміз – оның алдын алу. Қала нысандарын тексеріп, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қадағалаймыз. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс бағытында оқыту, халықты ақпараттандыру және ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізу – қызметіміздің ажырамас бөлігі», – дейді ТЖБ аға лейтенанты Ермахан Қабыкен.
Жас маманның кәсіби жолы Көкшетау техникалық институтында басталып, кейін Ресей Федерациясының Урал қаласындағы Мемлекеттік өртке қарсы институтында жалғасқан. 2022 жылы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, Рудный қалалық төтенше жағдайлар басқармасына аға инженер ретінде жұмысқа орналасады. Ал 2025 жылдың сәуір айынан бастап басқарманың бас маманы қызметін абыроймен атқарып келеді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бәрі де осы бөлім мамандарының күнделікті міндеті.
Төтенше жағдайлар қызметінде жүрген әрбір маман алдыңғы шепте тұратын адам. Сондықтан бұл салада салғырттыққа жол жоқ. Жауапкершілігі жоғары, тәртібі қатаң бұл қызметті жастардың таңдап, адал еңбек етуі қоғам үшін үлкен жетістік. Себебі ел қауіпсіздігі осындай кәсіби мамандардың еңбегі мен ерлігіне тікелей байланысты.
Күшейтілген режимде
Кеншілер қаласындағы өрт сөндіру бөлімі қызметінің қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары жайлы қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Азамат Ағатай кеңінен баяндап берді.
«Рудный қаласының өрт сөндіру бөлімі 1959 жылы салынып, 60-жылдары пайдалануға берілген. Осы уақыт аралығында тек әктеу, сырлау жұмыстары ғана жүргізіліп келген болатын. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен 37 миллион теңге бөлініп, ғимараттың сыртқы қасбеті толық жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ жеке құрам жиі пайдаланатын бес бөлме, яғни, ас бөлмесі, демалыс бөлмесі және байланыс бекеті секілді орындар жаңартылды. Барлық терезелер пластикаға ауыстырылып, шатыр да жөнделді. Жалпы көлемі 40 миллион теңге қаражат жұмсалды», – дейді Азамат Ағатай.
Келер жылға әкімдіктің қолдауымен тағы 40 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражатқа ғимараттың ішкі бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілмек. Қазіргі таңда бөлім өрт сөндіру құралдарымен 90 пайыз қамтылған. Алайда қаланың өсуіне байланысты тағы да өрт сөндіру бөлімдеріне қажеттілік бар екенін айтады. Нормативтерге сәйкес, 100 мыңнан асқан қалаға кем дегенде үш өрт сөндіру бөлімі қажет.
«Келесі жылға арналған сметалық-құндық құжаттама дайын. Қазір бюджетке өтінім беріп отырмыз. Қала әкімдігі бұл бастаманы қолдап отыр. Егер қажетті сома көлемінде қаржы бөлінсе, ғимараттың ішкі бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл бағытта түсіністік бар, ендігі үміт – алдағы жылдың бюджетінде. Қала халқының саны 120 мыңнан асып, қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, қазіргі бір өрт сөндіру бөлімі жеткіліксіз. Мұндай қалада кем дегенде үш өрт сөндіру бөлімі болуға тиіс. Тобыл кенті жақ бетінде, 28-ші мөлтек ауданында жаңа өрт сөндіру бөлімін салу жоспары бар. Жобаның жалпы құны – 1,9 миллиард теңге. Қаражат республикалық бюджет есебінен қарастырылмақ. Сонымен қатар, 50 лет Октября көшесі бойында тағы бір шағын бөлім салу көзделуде. Бұл жобалардың барлығы қаржыға байланысты болып отыр. Егер қаланың бас жоспарына сүйенсек, Рудныйда кемінде бес бөлім болуы керек. Ал ең аз дегенде үш бөлім болса, өрт қауіпсіздігі стандарттарына сай келер еді. Себебі бір мезетте екі және одан көп өрт шығуы мүмкін. Соңғы бес жылда мұндай 24 жағдай тіркелді. Мысалы, биыл Ленин көшесі, 187 мекенжайындағы көпқабатты үйде шыққан өрт кезінде пәтер өртеніп, 18 адам құтқарылды. Сол сәтте қала аумағында тағы да бірнеше өрт оқиғасы тіркеліп, өрт сөндірушілер бір мезгілде түрлі бағытта жұмыс жүргізді. Осындай жағдайларда біздің басты мақсат – адам өмірін сақтау. Сондықтан жеке құрамды басымдық бойынша өрт шыққан пәтерге жұмылдырдық. Әдетте сәуірден қараша айына дейінгі аралық өрт қаупі жоғары кезең. Бұл уақытта біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз», – дейді басқарма бастығы.
Сонымен қатар, қалада соңғы жылдары балалардың терезеден құлап кету фактілері де тіркелді. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті әкімдікпен бірлесіп, тұрғын үйлердің терезелеріне арнайы бекіткіштер орнату жұмыстары атқарылды. Профилактикалық шараларға еріктілер мен өзге де жауапты қызметкерлер тартылған. Нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың 900-ден астам терезесіне қорғаныс құрылғылары орнатылды.
«Қазір Рудный қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 72 адам қызмет атқарады. Дегенмен, бос орындар бар. Әсіресе, жүргізуші мамандар тапшы. Өйткені өрт сөндіру көлігін жүргізу үшін белгілі бір санаттағы жүргізуші куәлігі мен тәжірибе қажет. Бұл көліктердің орташа салмағы – 23 тонна. Сондықтан тәжірибелі мамандар керек. Жыл соңына дейін кадр тапшылығын толық жабу көзделуде. Жалпы алғанда, біздің бөлім барлық нормативтерге сәйкес қамтылған және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз міндетін толық орындауға дайын. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу. Осы бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады», – дейді қалалық ТЖБ бастығы Азамат Ағатай.
Әр маманмен әңгіме барысында олардың қызметке адалдығын байқадық. Бұл адалдық жалынмен күрестегі әрбір секундтың құнын білетін, өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндет санайтын нағыз батырларға тән қасиет. Қай-қайсы да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жұмысына деген сүйіспеншілігін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Күнделікті міндеттерін мінсіз орындап қана қоймай, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүргенін аңғаруға болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Айдана МАРАТ
Рудный қаласы
